Шежірелер 2-ж.  14
1
Абиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды.
Яһуда елінің патшасы Аса
Абияхтың ұлы Аса оның орнын басып патша болды. Асаның заманында елде он жылға тыныштық орнады.
2
Аса өзінің сиынатын Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды ізгі де әділ істер істеді.
3
Ол бөгде тәңірлерге арналған құрбандық орындарын және биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып құртты. Солардағы тас бағаналарды сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды да шауып тастады.
а
4
Патша, сондай-ақ, яһудалықтарға ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып мойынсұну әрі Оның Таурат заңы мен өсиеттерін орындау жайлы да бұйырды.
5
Аса Яһуданың күллі қалаларынан биіктеу жерлердегі табыну орындарын және хош иісті заттар түтетілетін үстелдерді
ә
құртып, алып тастады. Оның тұсында патшалық бір тыныш кезеңді өткізді.
6
Осы бейбітшілік кезінде патша Яһуда елінде қамалды қалалар салды. Сол жылдары онымен ешкім соғысқан жоқ, себебі Жаратқан Ие оған тыныштық сыйлаған еді.
7
Аса Яһуда халқын осы іске жігерлендіріп былай деген болатын: «Сол қалаларды салып, оларды қабырғалармен әрі мұнаралармен қоршайық. Мықты бөренелермен бекітілген қақпалар да тұрғызайық!
б
Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге бет бұрып сиынып келеміз, сол себепті ел әлі де біздікі. Иә, Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін біліп, орындауға ұмтылып келеміз. Содан Ол бізге барлық жағымыздан тыныштық сыйлады!»
Мұнан соң халық құрылысқа жаппай қатысып, табысқа жетті.
Құштық патшаның Яһудаға шабуыл жасап, жеңілуі
8
Асаның жасағы үлкен қалқан, найзамен қаруланған үш жүз мың яһудалықтан және қалқан, садақпен қаруланған екі жүз сексен мың буняминдіктен тұрды. Олардың барлығы мықты сарбаздар болатын.
9
Кейінірек Құштық Зарах
в
сан мыңдаған
г
жасақшылардан және үш жүз соғыс күймесінен тұратын әскер қолымен Яһуда еліне қарсы аттанып, (елдің батыс жағындағы) Мареша
ғ
қаласына жетті.
10
Яһуда патшасы Аса оларға қарсы шығып, екі жақ Марешаның маңындағы Сефата аңғарында сап түзеп, шайқасқа дайындалды.
11
Аса Құдай Иесіне дауыстап сиынып былай деді: «Уа, Жаратқан Ие, әлсізді мықтыдан қолдап-қорғайтын құдірет жалғыз Сенде ғана! О, Құдайымыз — Жаратқан Ие, бізді қолдай гөр! Біз Саған сенім артамыз, Сенің атыңмен осы қарақұрым тобырға қарсы аттанып шықтық. Уа, Жаратқан Ие, Сен біздің Құдайымызсың! Пенденің Өзіңнен басым болуына жол бере көрме!»
12
Сонда Жаратқан Ие Асаның және Яһуда жасағының көз алдында құштық Зарахтың жасақшыларына соққы берді.
д
Содан олар қаша жөнелді.
13
Аса мен оның қасындағы жасағы жауларды (оңтүстіктегі) Герар қаласына дейін қуды.
е
Құштықтардың қаза тапқандары соншама көп болып, олар қайтадан күш жинай алмады. Өйткені олар Жаратқан Иенің және Оның қолдаған жасағының алдында қырылып талқандалған еді. Ал яһудалықтар қолдарына ағыл-тегіл олжа түсіріп, алып кетті.
14
Кейін яһудалықтар Герардың айналасындағы қалаларға шабуыл жасады. Солардың бәрі де Жаратқан Иенің құдіретінен қорқып үрейленіп отырған еді. Содан яһудалықтар осы қалалардағы олжалауға тұрарлық көптеген заттарды иемденіп алды.
ж
15
Мұнан кейін олар шатырларда тұрып, мал бағатын тайпаларға
з
да шабуылдап, олардың көп қой-ешкі, түйелерін тартып алып, Иерусалимге қайта оралды.

а  Пат3 11:6-9; 12:28-32; 14:15; Пат4 17:16-17; Амо 5:26; Заң 4:19.

ә  Немесе: табыну орындарын және күнге бағышталған бағаналарды.

б  8:5; Пат3 4:13.

в  Құштық: қазіргі оңтүстік Мысырдың және солтүстік Судан мен Эфиопияның жерінде болған ежелгі Құш елінен шыққан адам. Зарах не Мысырдың бір қолбасшысы, не елдің 22-ші (құштық) патша әулетінен шыққан Осорқон І перғауын болса керек.

г  Яки: мың рет мың.

ғ  11:8.

д  13:15.

е  Яғни 60 шақырым қашықтыққа.

ж  Герар мен оның айналасындағы қалалар Яһуданың жаулары — філістірлердің қолында болатын (Жар 20:1; 26:16-21; Пат2 3:48; 21:15-16; Пат3 17:1,4,8-11,26; 31:1-10).

з  Бұлар мадиян, амалек тайпаларынан шыққан шығар (Мыс 17:9,14,16; Бил 6:3-6,33; 7:12).