Шежірелер 2-ж. 12
Құдайдан бас тартқан Яһуда елін жаудың шабуы
1
Рохабоғамның билігі орнығып, күшейген кезде оның өзі және бүкіл халқы Жаратқан Иенің Таурат заңына бағынбай кетті.
2
Олар Жаратқан Иеден бас тартқандықтан, Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанды. Бұл Рохабоғамның патшалық құруының бесінші жылы болды.
3
Шұшақ Мысырдан бір мың екі жүз соғыс күймесін, алпыс мың салт атты сарбазды әрі либиялық, сұққилық және құштық жауынгерлерден тұратын орасан зор жаяу әскерін ертіп алып келді.
4
Перғауын Яһуда еліндегі бекіністі қалаларды басып алып, Иерусалимге жетті.
5
Сонда Шемаях пайғамбар Шұшақтан бас сауғалап Иерусалимге жиналған Рохабоғамға және Яһуданың әміршілеріне барып, оларға былай деді:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер Мені тастап кеттіңдер! Ендеше Мен де сендерді тастап, Шұшақтың қолына тапсырамын!
6
Мұны естіген Исраилдің әміршілері мен патшасы:
— Жаратқан Иенің ісі әділ! — деп, күнәларын мойындады.
7
Жаратқан Ие олардың күнәларына өкініп отырғанын көріп, Шемаяхқа сөзін арнап: «Олар күнәларын мойындады. Мен енді оларды біржола құртпай, біршама қолдаймын. Иерусалимге деген қаһарымды Шұшақ арқылы төкпеймін.
8
Бірақ Маған қызмет ету мен бөтен елдердің патшалықтарына қызмет етудің айырмашылығына көздері жету үшін олар перғауынның құлдарына айналсын», — деді.
9
Сонымен Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге өрлеп жеткен соң Жаратқан Иенің ғибадатханасының және патша сарайының қазыналарын қолына түсірді. Олардың бәрін де, Сүлеймен патша алтынмен қаптатқызып жасатқан қалқандарды да алып кетті.
10
Рохабоғам патша солардың орнына қоламен қапталған қалқандар жасатып, оларды патша сарайының есіктерін күзететін сақшылардың басшыларына табыстады.
11
Патша Жаратқан Иенің киелі үйіне барған сайын сақшылар қалқандарды көтеріп алып келіп, кейін қайтадан күзетшілер үйіне апарып қоятын.
Рохабоғамның өмірінің соңы
12
Рохабоғам күнәсін мойындағанда Жаратқан Ие қаһарынан қайтып, патша біржола құрып кетуден аман қалды. Сол кезде Яһуда елінде әлі де Құдай жолымен жүретін адамдар болды.
13
Рохабоғам Иерусалимде билігін бекітіп, жалғастыра берді. Ол патша болған кезде қырық бір жаста еді. Рохабоғам он жеті жыл бойы Иерусалим қаласында билік жүргізді. Жаратқан Ие осы қаланы Исраилдің барлық руларынан Өзінің атына киелі үйін орнатуға таңдап алған болатын. Рохабоғамның шешесі аммондық Нағама еді.
14
Патша Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрмаған еді, содан оның істегендері жалпы әділетсіз болды.
15
Рохабоғамның іс-әрекеттері басынан аяғына дейін Шемаях пайғамбардың жазбаларында және Иддо пайғамбардың Шежіре туралы жазбаларында баяндалған. Рохабоғам мен Еробоғамның патшалық құрған бүкіл кездерінде екеуінің арасында соғыс болып тұрды.
16
Рохабоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Абиях орнын басып патша болды.