Шежірелер 2-ж. 1
Сүлеймен патшаның Құдайдан даналық сұрауы
1
Дәуіттің ұлы Сүлеймен өз патшалығында жағдайын берік орнатып алды. Құдай Иесі оған жар болып, мерейін айрықша жоғарылатты.
2
Бір күні Сүлеймен Исраилдің барлық мыңбасыларын, жүзбасыларын, төрешілерін және халықтың басқа да жетекшілері мен әулет басшыларының бәріне де жиналуға бұйрық берді.
3
Мұнан соң Сүлеймен бүкіл жамағатты ертіп Гибеон қаласының биіктеу жеріндегі ғибадат орнына қарай беттеді. Өйткені Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса пайғамбардың иен далада жасатқан кездесу шатыры сол жерде тігілген болатын.
4
Дәуіт патша көзі тірісінде Иерусалимде бір киелі шатыр тұрғызып, дайындап қойып, осы орынға Кирият-Иғарымнан Құдайдың Келісім сандығын әкелген еді.
5
Ал Һұр немересі Ұри ұлы Беселиел қоладан жасаған құрбандық үстелі Жаратқан Иенің Гибеон қаласындағы кездесу шатырының алдында тұрды. Осы себепті Сүлеймен және жиналған жамағат Жаратқан Иенің еркін білу үшін сол жерге барды.
6
Сүлеймен кездесу шатырының алдындағы қоладан жасалған құрбандық үстелінің қасына көтеріліп, Жаратқан Иеге арнап мың бас малды құрбандыққа шалғызып, өртетті.
7
Сол түні Құдай Сүлейменге аян беріп:
— Өзіңе не сыйлағанымды қаласаң, соны сұра, — деді.
8
Сүлеймен Құдайға былай деп жауап берді:
— Сен әкем марқұмға зор рақымыңды көрсете отырып, маған оның орнын бастырып патшалық құрғыздың.
9
Уа, Құдай Ие, мені жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп халықтың үстінен патша етіп қойдың. Енді әкеме берген уәдеңді орындап,
10
маған осы халықтың лайықты басқарушысы болуға даналық пен білім сыйлай гөр. Онсыз Сенің осыншама көп халқыңа дұрыстап билік жүргізу ешкімнің де қолынан келмейтін іс. —
11
Сонда Құдай Сүлейменге:
— Жүрек қалауың осы болып, сен қазына-байлық пен атақ-даңқ және жауларыңның жеңіліп, құруы былай тұрсын, тіпті өзің үшін ұзақ өмір де сұраған жоқсың. Қайта, Мен сені патшасы етіп қойған халқыма билік жүргізуің үшін даналық пен білім сыйлауымды өтіндің.
12
Сол үшін Мен өзіңе даналық пен білім сыйлап отырмын. Соған қоса қазына-байлық пен атақ-даңқты да сыйлаймын. Сенде бар болатын мол қазына-байлық пен атақ-даңққа саған дейінгі ешбір патша ие болған емес, сенен кейін де ешбір патша ие болмайды, — деп уәде етті.
13
Сүлеймен кездесу шатыры орналасқан Гибеондағы биіктеу жерінен түсіп, Иерусалимге қайта оралғаннан кейін Исраилге патшалық құрды.
Патшаның сауда және әскери қуаты
14
Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз соғыс күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды соғыс күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады.
15
Патша Иерусалимде алтын мен күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе әрі шетелден әкелінетін қымбат самырсындарды өз елінің төменгі қыраттарында көптеп өсетін тұт ағаштары іспетті мол етті.
16
Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын.
17
Саудагерлер әрбір күймені алты жүз мысқал, әрбір жылқыны жүз елу мысқал күміске Мысырдан сатып алып келетін. Олар сол тауарлардың бірқатарын күллі хеттік және арамалық патшаларға да жеткізіп, сатып отырды.