Салониқал. 1-хат 5
Мәсіхтің қайтып келуіне дайын болу
1
Қымбатты бауырластарымыз, болашақ уақыттар мен мезгілдер туралы сендерге жазудың қажеті жоқ.
2
Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер.
3
Жұрт «Бәрі тыныш, қауіпсіз» деп жүргенде, апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды.
4
Бірақ сендер, бауырластарымыз, түнекте тұрмай, сол күні ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар,
5
бәрің де жарықта және күнде жүресіңдер ғой. Біз түндікі және түнектікі болмағандықтан,
6
басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!
7
Себебі ұйықтайтындар түнде ұйықтайды, ішетіндер түнде ішеді.
8
Ал біз күндікі болғандықтан салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді «сауыт қылып», мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді «дулыға етіп киейік!»
9
Өйткені Құдай бізді Өзінің қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға тағайындады.
10
Мәсіх қайтып келгенде тірі боламыз ба, әлде өлі боламыз ба, бәрібір, біздің Өзімен бірге тұруымыз үшін Ол жанын пида етті.
11
Сондықтан бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер!
Соңғы нұсқаулар, баталар және қоштасу
12
Қымбатты бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: Иеміздің ізгі ісінде өздеріңе жетекшілік еткендерді сыйлаңдар. Олар араларыңда еңбек етіп, сендерге дұрыс жолды сілтеп жүр.
13
Оларды айрықша құрметтеп, еңбектері үшін жақсы көріңдер. Өзара бейбіт, тату болыңдар!
14
Бауырластар, сендерден тағы мынаны өтінеміз: жүгенсіз, бос жүргендерге ескерту жасаңдар, жасқаншақтарға жігер беріңдер, әлсіздерді қолдап, төзімділік танытыңдар!
15
Ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бір-біріңе де, басқаларға да жақсылық жасауға ұмтылыңдар!
16
Әрдайым қуанып,
17
Құдайға үздіксіз сиыныңдар,
18
Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар! Иса Мәсіхтің жолымен жүруші сендерден Құдай осыны күтеді.
19
Құдай Рухының іс-әрекетін тежемеңдер!
20
Оның пайғамбарлық нұсқауларын менсінбей жүрмеңдер,
21
алайда бәрін де тексеріп сынаңдар! Жақсысын ғана қабылдап, берік ұстаныңдар!
22
Жамандықтың қай түрінен де аулақ жүріңдер!
23
Тыныштықты сыйлайтын Құдай сендерді Өзіне толықтай бағышталдырып, қасиетті өмір сүргізсін. Иеміз Иса Мәсіх қайтып келгенде мінсіз болуларың үшін рухтарың мен жан-тәндерің кіршіксіз пәк сақталсын.
24
Сендерді шақырған Құдай сенімді, Ол бұларды жүзеге асырады да.
25
Қымбатты бауырластар, біз үшін Құдайға сиыныңдар!
26
Бауырластардың бәріне шын жүректен сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер!
27
Осы хатты барлық бауырластарға да оқып беріңдер деп Иеміздің атынан тапсырамын.
28
Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудыра көрсін. (Аумин.)