Салониқал. 1-хат 2
Елшілердің Салониқадағы қызметі
1
Қымбатты бауырластар, сендерге барып, біраз уақытқа қалғанымыздың нәтижесіз болмағанын өздерің білесіңдер.
2
Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды.
3
Сендерге уағызды өзіміз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және біреуді алдаудан да аулақпыз.
4
Қайта, Құдай лайықты деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды. Сондықтан біз адамға емес, жүректеріміздің түкпіріндегілерді бақылап отыратын Құдайға ұнау үшін уағыз айтып жүрміз.
5
Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерің білесіңдер. Пайда табайық деген ішкі есебіміз де болған емес, бұған Құдай куә.
6
Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ іздеп жүрген жоқпыз.
7
Мәсіхтің елшілері ретінде біз талап қойсақ та болар еді, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейірімді анадай жылы жүзбен қарадық.
8
Осылай жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер.
9
Бауырластар, біздің бар күшімізді салып, бейнет шеге еңбек еткеніміз естеріңде ғой. Сендерге масыл болмау үшін күні-түні жұмыс істедік, сөйте жүріп, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздадық.
10
Құдайға сенетін сендердің алдарыңда өзімізді таза, әділ, мінсіз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә.
11
Мынаны білесіңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көріп,
12
сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та. Өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады.
13
Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Оған үнемі ризашылығымызды білдіреміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр.
14
Себебі сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсіхке сенетін Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһуди діндарларынан қандай азап шексе, сендер де өз жерлестеріңнен сондай азап шектіңдер.
15
Яһуди діндарлар тіпті Иеміз Иса және пайғамбарларды өлтіріп, бізді де қуып шыққан еді. Олар Құдайға ұнамайды әрі барлық адамдарға қастық танытады.
16
Себебі олар біздің басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, құтқару әкелуімізге кедергі жасай береді. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтіп келе жатыр. Содан Құдайдың қаһары төбелерінен төніп тұр.
Елшілердің салониқалықтарды сағынып, Тімотені жіберуі
17
Қымбатты бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңілдеріңнен емес, көздеріңнен таса болғанда сағыныштан жүздеріңді көруге қатты құштар болдық.
18
Иә, сендерге барғымыз келді; өзім — Пауыл бірнеше рет баруға тырыстым, бірақ бұған шайтан кедергі жасады.
19
Өйткені Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжіміз» сендер болмағанда, кім болмақ?
20
Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер.