Салониқалықтарға арналған бірінші хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл б.з. 50 жылы шамасында қызметтестері Сыйлас, Тімотемен бірге Македония аймағының астанасы Салониқаға барып, сонда уағыз айтқан еді. Мұның нәтижесінде Мәсіхке сенушілердің қауымы пайда болды. Қарсыластары бүлік шығарғанда Пауылдың қаладан кетуіне тура келді (Елш 17:1-9). Кейін елші қауымның жағдайынан хабардар болу үшін Тімотені Афиныдан Салониқаға қайтарып жіберді.
51 жылы Пауыл Грекияның Қорынт қаласында Тімотемен қайта кездесіп, салониқалық сенушілерден хабар алды. Енді Пауыл көмекшілері Сыйлас, Тімотемен бірге қауымға арнап осы алғашқы хатын жазды. Ондағы мақсаты салониқалық сенушілерді жігерлендіріп, жалған ілімдерден сақтандыру болды. Хатта, сондай-ақ, Иеміздің ізгі жолымен жүрушілердің шынайы өмір салты және Мәсіхтің болашақта қайтып келуі туралы тәлім берілген. Осы қысқа жазба бүгінгі бізге де осындай ізгі өмірге жол көрсетеді.