Патшалықтар 1-ж.  8
Халықтың өзіне патша талап етуі
1
Самуил жасы ұлғайып, қартайған шағында өзінің ұлдарын исраилдіктердің билері етіп қойды.
2
Тұңғышының аты Жоел, кенжесінің аты Абиях еді. Олар Бер-Шебада билік айтатын.
3
Алайда ұлдары Самуил сияқты тура жолмен жүрмеді. Олар пайдакүнемдікке салынып, пара алып, шындықты бұрмалап үкім шығаратын болды.
4
Сонда исраилдіктердің рубасылары жиналып, Рамақ қаласына Самуилге барып,
5
одан: «Өзіңіз білесіз, жасыңыз ұлғайды. Ал ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді. Сондықтан басқа халықтардағыдай бізге де билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз», — деп өтінді.
6
«Бізге билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз» деген сөздер Самуилге мүлдем ұнамады. Ол Жаратқан Иеге сиынып Оның еркін сұрады.
7
Сонда Жаратқан Ие оған мынадай жауап берді: «Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме
а
қарсы шығып тұр.
8
Мен оларды Мысырдан алып шыққаннан бері Маған адал болмай, бөтен тәңірлерге құлшылық етіп келгендері сияқты, енді саған да солай істеп отыр.
9
Сонымен, айтқандарына құлақ ас. Бірақ үстерінен билік құратын патшаның еркін оларға мықтап білдірт!»
10
Самуил Жаратқан Иенің барлық сөздерін өзінен патша тағайындауды сұрап отырған халыққа жеткізіп,
11
былай деді:
— Сендерді басқаратын патшаның мынадай құқықтары болады: патша сендердің ұлдарыңды алып, өзінің соғыс күймелері мен аттарын қаратып қояды. Олар күймелердің алдында жүгіріп отыратын да болады.
12
Патша ұлдарыңның кейбіреулерін өз жасағына мыңбасылар мен елубасылар етіп тағайындайды, ал басқаларына өзінің жерлерін өңдетіп, егінін орғызып, қару-жарақтар мен соғыс күймелерінің жабдығын жасатып қояды.
13
Патша қыздарыңды сарайына иісмай жасаушы, аспазшы не наубайшы етіп алып кетеді.
14
Патша сендердің ең жақсы егіндіктеріңді, жүзімдіктеріңді, зәйтүн бақтарыңды тартып алып, өз нөкерлеріне үлестіріп береді.
15
Ол, сондай-ақ, өздеріңнің егіндіктерің мен жүзім бақтарыңнан жинаған өнімдеріңнің он бөлігінің бірін алып, уәзірлері мен басқа да қызметкерлеріне табыстайды.
16
Ол ең жақсы құл-күңдеріңді, мүйізді ірі қараларың
ә
мен есектеріңді алып, өз жұмысына салады.
17
Соның үстіне ұсақ малдарыңның он бөлігінің бірін де патшаға алым-салыққа беріп, ақырында өздерің оның құлы болып шыға келесіңдер.
18
Осы сөздерім жүзеге асқанда, өздерің тілеп алған патшаларыңнан құтқаруды сұрап жалбарынасыңдар. Бірақ Жаратқан Ие сол кезде өтініштеріңе құлақ салмайтын болады!
19
Алайда халық Самуилдің айтқандарын тыңдағысы келмей:
— Жоқ, өз патшамыз болсын!
20
Сонда біз де басқа халықтар сияқты боламыз. Патшамыз бізге билік жүргізіп, алдымызда бізді бастап жүріп, соғыстарымызды жүргізетін болады, — деп тұрып алды.
21
Самуил халықтың күллі сөздерін тыңдағаннан кейін, Жаратқан Иеге сиынып бәрін айтып берді.
22
Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: «Халықтың айтқанына көніп, патшасын тағайындап бер!» — Сонда Самуил оларды:
— Әзірше өз қалаларыңа бара беріңдер, — деп қайтарып жіберді.

а  Исраил халқымен Синай тауында жасаған Келісіміне сай, Жаратқан Иенің Өзі — олардың Патшасы (Мыс 16:8; 20:2; Заң 17:14-20; Жыр 99:3).

ә  Немесе: жастарыңды.