Патшалықтар 1-ж.  7
1
Сонда Кирият-Иғарымның адамдары келіп, Жаратқан Иенің Келісім сандығын өздеріне алып кетті. Оны Абинадап есімді кісінің төбе басындағы үйіне апарып қойды. Оның ұлы Елазарды Жаратқан Иенің қызметіне бағыштап, Келісім сандығының күзетшісі етіп тағайындады.
Халықтың Құдайға қайтуы
2
Келісім сандығы Кирият-Иғарымда ұзақ уақытқа, тіпті жиырма жылға қалды. Бүкіл Исраил халқы қайғырып, Жаратқан Иеге бет бұра бастады.
3
Самуил бәріне: «Егер сендер Құдайға шын жүректен қайтамыз десеңдер, онда қолдарыңдағы Астарта бейнелерін
а
және өзге де бөтен тәңірлердің бейнелерін лақтырып тастаңдар! Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, тек Оған ғана қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерді філістірлердің қолынан құтқарып алады», — деп ескертіп отыратын.
4
Соңында исраилдіктер Бағал мен Астарта
ә
есімді жалған тәңірлерден бас тартып, тек Жаратқан Иеге ғана ғибадат ете бастады.
5
Содан Самуил рубасыларға: «Бүкіл Исраил халқын Миспаға жинаңдар! Сол жерде мен сендер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіп сиынбақпын», — деп тапсырды.
6
Осылайша халық Миспа қаласына жиналды. Олар (күнәларына өкінгендерінің белгісі ретінде) құдықтан су тартып алып, оны Жаратқан Иенің алдында жерге төкті.
б
Сол күні халық ораза ұстап: «Біз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап келдік», — деп мойындады.
Самуилдің би ретінде елді жаудан құтқаруы
Мұнан кейін Самуил Исраил халқына Миспада Құдайдың еркін білдіріп, билік айтты.
7
Алайда філістірлер Исраил халқының Миспаға жиналғаны туралы естігенде, олардың әміршілері шабуыл жасамақ болып аттанды. Бұл туралы естіген исраилдіктер олардан қорқып кетті.
8
Олар Самуилден: «Бізді філістірлерден құтқарып, аман алып қалсын деп Құдайымыз Жаратқан Иеге үздіксіз жалбарына көріңіз!» — деп өтінді.
9
Сонда Самуил еміп жүрген бір қозыны алып, Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалды. Оны түгел өртеп жіберіп, Исраил халқы үшін дауыстап Жаратқан Иеге жалбарынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты.
10
Самуил құрбандық шалып жатқан кезде жау шабуыл жасап жақындап келді. Бірақ Жаратқан Ие сол заматта өте қатты күн күркіретіп, філістірлердің зәресін ұшырып, олар бастары ауған жаққа қарай қаша жөнелді.
11
Сонда исраилдік ер адамдар Миспадан шығып, оларды өкшелей қуып, Бет-Қордан да төменгі жерге дейін қырып жойды.
12
Бұдан кейін Самуил Миспа мен Шен арасына үлкен тасты ескерткіш ретінде орнатып, оны Әбен-Езер
в
(«Көмек тасы») деп атады. Себебі ол: «Осыған дейін Жаратқан Ие бізге көмектесіп келеді!» — деп ризашылығын білдірді.
13
Філістірлер осылайша беті қайтарылып, енді Исраил еліне баса-көктеп кірмейтін болды. Самуилдің көзі тірісінде олардың үстіне Жаратқан Иенің құдіретті қолы әрдайым төніп тұрды.
14
Філістірлер бұрынырақ Исраилден Ғат пен Әкронның арасындағы қалаларды тартып алған болатын. Енді исраилдіктер соларды маңайындағы жерлерімен қоса жау қолынан азат етіп, қайтадан иемденді. Сонымен қатар аморлықтармен
г
де арада тыныштық орнады.
15
Самуил бүкіл өмір бойы исраилдіктердің биі болып өтті.
16
Ол жыл сайын Бетел,
ғ
Ғылғал
д
және Миспаны аралап, олардағы ғибадат орындарында халыққа билік айтып жүрді.
17
Содан кейін өзінің ата мекені Рамаққа қайтып келіп, Исраилге сол қалада да би ретінде қызмет көрсететін. Бұл жерде Самуил Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін орнатты.

а  12:10; Бил 2:12-13.

ә  Басқа үлттардың еркек не әйел кейпіндегі Бағал, Астарта (яки: Аштар, Ашторет) есімді жалған тәңірлеріне Құдай халқы да табынып, күнәға батып келген еді (Мыс 20:1-6; 32:3-6; Бил 2:1-2,11-15).

б  Пат2 23:16-17; Жоқт 2:19; Иш 55:1; 58:6-11.

в  Бұл 4:1-де атап өтілген Әбен-Езер қаласынан басқа жер.

г  Жар 14:7,13; 15:16; Мыс 3:8; Леу 13:29; Еш 10:5.

ғ  Жар 28:19; Бил 20:26; 21.

д  Еш 4:19-20; 5:9-10.