Патшалықтар 1-ж.  29
Філістір әміршілерінің Дәуітті шайқасқа қатыстырмауы
1
Осы кезде філістірлер барлық жасақтарын Әфектің маңына жинаған болатын. Ал исраилдіктер Ізрелдің жанындағы бұлақ көзінің қасына қостарын тіккен еді.
2
Філістір әміршілері жасақтарын жүзге, мыңға бөліп, сапқа тұрғызып өткізді. Дәуіт пен оның адамдары Анхұсқа еріп артқы жақта келе жатты.
3
Філістір билеушілері:
— Мына исраилдік жалдамалылар
а
мұнда не істеп жүр? — дегенде, Анхұс:
— Бұл бұрын Исраил патшасы Саулдың нөкері болған Дәуіт қой. Бір жылдан астам уақыт бойы қасымда жүр. Біздің жаққа өтіп келген күннен бері оның бойынан сезікті ештеңені байқамадым, — деп түсіндірді.
4
Бірақ філістір әміршілері Анхұсқа ашуланып, мынадай талап қойды:
— Бұл адамды кері қайтар, сен өзіне белгілеген жерге қайта оралсын. Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды. Әйтпесе ол ұрыс барысында бізге қарсы шыға келеді. Оған өзінің тақсыр иесінің рақымына қайтадан ие болу үшін біздің адамдардың бастарын алудан артық шара жоқ қой!
5
Мына өлең Дәуіт туралы айтылған жоқ па еді:


«Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды,
Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!»
ә


6
Сонда Анхұс Дәуітті өзіне шақырып алып:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: сен адал адамсың, жорыққа бірге шыққаның жақсы болар еді. Қасыма келген күннен бері сенен жаман қылық көрген жоқпын. Бірақ басқа әміршілер сені жақтырмайды.
7
Сол себепті бұрылып, аман-есен кері қайт. Оларға ұнамсыз ештеңе жасама, — деді.
8
Дәуіт:
— Мен не істеп қойдым, тақсыр? Сізге қызметке тұрғалы менен қандай кінә таптыңыз? Мен неге сіздермен бірге барып, патша иемнің жауларына қарсы күреспеймін? — деп наразылық білдірді.
9
Анхұс:
— Сен менің көз алдымда Құдайдың періштесіндей адал болып келесің, соны жақсы білемін. Бірақ філістір әміршілері сен туралы: «Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды!» деп шешім қабылдады.
10
Сондықтан сен және бұрынғы иеңнің қызметшілері болған барлық серіктерің ертең ертемен тұрып, жарық түсісімен жолға шығыңдар! — деп бұйырды.
11
Дәуіт күн шығысымен адамдарымен бірге жолға шығып, філістір еліне қайта оралды. Ал філістір жасақтары Ізрелге қарай өрлеп кетті.

а  Немесе: еберліктер (14:11,21).

ә  18:7; 21:11.