Патшалықтар 1-ж. 20
Ғажайып достық
1
Осы екі арада Дәуіт Рамақтағы Найоттан қашып кетіп, Жонатанға барып, оған:
— Мен не істеп қойдым? Жазығым не? Әкең жанымды алатындай қандай күнәм бар? — деген сауалдар қойды.
2
— Жоқ, өлтірілмейсің! Не үлкен, не кіші, қандай іс болмасын әкем маған айтпай істемейді. Мұндай жоспарын да менен жасырмаған болар еді. Қателесіп тұрсың! — деп жауап берді ол.
3
Бірақ Дәуіт ант етіп былай деді:
— Сенің маған оң көзбен қарап келгеніңді әкең жақсы біледі. Сол себепті ол: «Жонатанға бұны білдірмей-ақ қояйын, әйтпесе ренжіп жүрер» деп ойлайды. Алайда мәңгі тірі Жаратқан Иенің және сенің алдыңда шын айтамын: мені ажалдан ажыратып тұрған бір-ақ қадам. —
4
Жонатан:
— Менен қандай тілегің бар, соны екі етпеймін! — деді.
5
Сонда Дәуіт оған мынадай өтініш жасады:
— Ертең айдың бірінші күні екенін білесің. Менің патшамен бірге дастарқан басында отыруым керек еді. Маған рұқсат ет, далаға кетіп, бүрсігүні кешке дейін жасырына тұрайын.
6
Егер әкең мені сұрай қалса, оған: «Дәуіттің қаласы Бетлехемде барлық жегжат-жұрағатының жылдық құрбандық мейрамы өткізілейін деп жатыр екен. Дәуіт соған тездетіп барып келуге менен қоймастан сұранып, сонда кетті» деп түсіндір.
7
Патша: «Жарайды» десе, онда маған төнген еш қауіп жоқ. Ал егер қатты ашуланса, маған қарсы зұлымдық жасауға ұйғарды деп біле бер.
8
Жаратқан Иенің алдында сертпен бекіткен достығымызды есіңе алып, алдыңдағы қызметшіңе әрдайым мейірімділік көрсете гөр. Егер қандай да кінәм болса, мені әкеңе ұстап бермей-ақ, өзің өлтіре сал!
9
— Ондай ешқашан болмас! Әкемнің саған жамандық істеуге ұйғарғанын біліп қалсам, саған айтпас па едім? — деп жауап берді Жонатан.
10
Дәуіт одан:
— Егер әкеңнің берген жауабы қатал болса, маған сол туралы кім айтпақ? — деп сұрағанда,
11
ол
— Жүр, далаға кетейікші, — деп, екеуі солай істеді.
12
Сол жерде Жонатан Дәуітке ант беріп былай деді:
— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие куә: мен ертең немесе бүрсігүні осы кезге дейін әкеммен сөйлесіп, саған деген көзқарасын біліп аламын. Егер ол жақсы болса, онда мен міндетті түрде біреуді жіберіп, саған хабарлаймын.
13
Ал шынымен әкемнің саған жамандық істейтін ойы болса, мен соны саған айтып, қатерден арашалау үшін басқа жаққа жіберемін. Егер уәдемде тұрмасам, Жаратқан Ие мені жазалаған үстіне жазаласын! Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, енді саған да жар бола көрсін!
14
Көзім тірісінде маған Жаратқан Иенің тұрақты мейірімділік көрсеткені сияқты, сен де әрдайым мейірімділік көрсетіп, мені аман-есен қалдыра гөр.
15
Егер өліп қалсам, отбасыма жасайтын қамқорлығыңды доғарма. Жаратқан Ие Дәуіттің жер бетіндегі барлық жауларының бірде-біреуін қалдырмай құртқан кезде де солай істей бер! —
16
Сонымен Жонатан Дәуіттің әулетімен келісім жасап: — Жаратқан Ие Дәуіттің жауларын жауапқа тартып, жазаласын! — деп,
17
Дәуітке деген сүйіспеншілігі туралы сертін қайтадан жаңартты. Себебі Жонатан досын жанындай жақсы көретін.
18
Бұдан кейін ол былай деді:
— Ертең айдың бірінші күніне арнап жиналамыз. Сонда орның бос болғандықтан сені сұрайтын болады.
19
Бүрсігүні кешке таман абайлап төмен түсіп, бұрын жасырынған жеріңе тығылып, сонда жатқан Әзел тасының маңында күте тұр.
20
Ал мен бір нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын.
21
Содан: «Жебелерімді іздеп тауып кел!» деп, бір жас нөкерімді жіберемін. Егер оған: «Міне, жебелер өзіңнен бері жатыр, оларды осында алып кел!» десем, сен тасадан шығып, қасыма кел. Себебі шынымен саған ешқандай қауіп төніп тұрмағаны.
22
Егер де сол жігітке: «Әне, жебелер сенің ар жағыңда жатыр» десем, онда Жаратқан Ие сені басқа жаққа жібергендіктен кетіп қаларсың.
23
Ал өзара байласқан сөзімізге Жаратқан Ие мәңгі бақи куә болмақ.
24
Сонымен Дәуіт қалаға кірмей, далада жасырынып қалды. Айдың бірінші күні патша арнайы астан дәм тату үшін дастарқан басына,
25
өзінің төрдегі орнына жайғасты. Жонатан оның қарсысында, ал Әбенир жанында отырды. Дәуіттің орны бос тұрды.
26
Саул: «Әрине, оған бір жағдай болып, тазару рәсімін орындай алмаған соң келмегені ғой!» деп ойлап, сол күні ештеңе демеді.
27
Бірақ айдың екінші күні де Дәуіттің орны бос тұрғанда Саул Жонатаннан:
— Есей ұлының кеше де, бүгін де асқа келмей қалуы неліктен? — деп сұрады.
28
Жонатан мынадай жауап берді:
— Дәуіт менен Бетлехемге баруға қоймастан сұранып:
29
«Біздің қалада жегжат-жұрағаттарымыз құрбандық ас береді. Ағам маған соған келуің керек деген еді. Мейірімділік көрсетіп, мені ағайындарыма жібере гөр» деп өтінді. Сол себептен Дәуіт патша ағзамның дастарқанына келе алмай қалды. —
30
Бірақ Саул Жонатанға қатты ашуланып:
— Әй, азғын да қиқар ұл! Өзіңді масқара етіп, шешеңді де ұятқа қалдырып, ана Есей ұлымен достасып алғаныңды мен білмейді дейсің бе?
31
Есейдің сол баласы жер басып жүргенде, өзің де, патшалығың да қауіпсіз болмайсыңдар! Ал енді, адам жіберіп, оны маған алып кел! Ол өлуге тиіс! — деп айқайлап жіберді.
32
Жонатан:
— Ол неліктен өлтіріледі? Жазығы не еді? — деп сұрады.
33
Сонда Саул қолындағы сүңгісін оған қадамақ болып лақтырып жіберді. Бұдан әкесінің Дәуітті өлтіруге нақты бел буғанына Жонатанның көзі жетті.
34
Ол қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Әкесінің Дәуітті масқаралағанына ренжіп, айдың екінші күнгі асынан ауыз тимеді.
35
Ертеңгісін ертемен Жонатан Дәуітпен кездесу үшін даладағы келісілген жерге бір нөкер жігітін ертіп барды.
36
Оған: «Мен қазір садақ атамын, сен жүгіріп барып, жебелерімді алып келетін бол!» — деді де, жүгіріп кеткен жас жігіттен әрірек барып түсетіндей етіп бір жебені атып жіберді.
37
Нөкердің артынан: «Жебе сенің ар жағыңда жатыр,
38
тұра берме, тез бол!» — деп дауыстады. Жас жігіт жебелерді жинап, қожасына алып келді.
39
Айтылғандардың астарлы мәнісін ол ұқпағанмен, Жонатан мен Дәуітке бәрі анық еді.
40
Жонатан нөкеріне садақ пен жебені табыстап, оған: «Бұларды қалаға алып кет», — деп бұйырды.
41
Жігіт кетісімен Дәуіт тасаланып отырған алып тастың оңтүстік жағынан шығып, Жонатанның алдында үш рет жерге дейін иіліп тағзым етті. Олар бір-бірін беттерінен сүйіп, егіле жылады. Дәуіттің жылауы ерекше болды.
42
Жонатан: «Аман-есен жүр! Екеуіміз Жаратқан Иенің атымен байласқан антымызды сенің де, менің де, кейінгі ұрпақтарымыздың да орындайтынына Оның Өзі кепіл болсын», — деп Дәуітпен қоштасты.
43
Содан Дәуіт кетіп қалды, ал Жонатан қалаға қайтты.