Патшалықтар 1-ж. 18
Патшазада Жонатанның Дәуітпен достасуы
1
Дәуіт Саулмен сөйлесіп болғанда, патшазада Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды.
2
Саул сол күннен бастап Дәуітті өзінің қасында қалдырып, әкесінің үйіне қайтармай қойды.
3
Дәуітті сондай жақсы көріп қалған Жонатан онымен серттесіп дос болып,
4
үстіндегі шапанын, қару-жарағын, тіпті семсерін, садағы мен белдігін де шешіп сыйлады.
5
Саул Дәуітті қай тапсырмамен жұмсамасын, ол бәрін де ақыл-парасатпен орындап шығатын. Сол себепті Саул оны бір топ сарбаздың басшысы етіп қойды. Бұл шешім бүкіл халыққа да, Саулдың нөкерлеріне де ұнады.
Саулдың Дәуітті көре алмай, өлтіруге ұмтылуы
6
Дәуіт філістірдің көзін құртып, бүкіл жасақ елге қайтып келе жатқанда, Саул патшаны қарсы алу үшін Исраилдің барлық қалаларынан әйелдер алдарынан шықты. Олар ән айтып, би билеп, даңғыраларда ойнап, қуана әндетіп, үш ішекті аспаптарды шертіп ойнап жүрді.
7
Әйелдер би билеп:
«Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды,
Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!»
— деп дауыстап ән салды.
8
Ал Саул қатты ашуланып, бұл сөздерді тіпті жақтырмай: «Олар Дәуітке он мыңдаған, ал маған не бары мыңдаған жеңілген жау үшін мақтау айтты! Енді оған жетпей тұрғаны патшалық билік қана!» — деп налыды.
9
Сол күннен бастап Саул Дәуітке қызғанышпен қарайтын болды.
10
Келесі күні Құдай жіберген қинайтын рух Саулға қайтадан бас салып, ол сарайында ерекше көңіл күйіне түсіп мазасызданды. Дәуіт оны тыныштандыру үшін бұрынғыша күй тартып отырды. Саулдың қолында сүңгісі бар болатын.
11
«Дәуітті қабырғаға қадап тастайыншы!» деген оймен патша сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді, екінші ретте де солай болды.
12
Саул Дәуіттен қорқа бастады, себебі Жаратқан Иенің өзін тастап, Дәуітке жар болғанына көзі жетті.
13
Оны қасынан алыстатып, мыңбасы етіп қойды. Бұдан былай Дәуіт сарбаздарын жорықтарға бастап жүрді.
14
Ол қай істе де парасаттылық танытып отырды, өйткені Жаратқан Ие оған жар болды.
15
Дәуіттің табыстарын көргенде Саул одан бетер сескенді.
16
Бірақ бүкіл Исраил мен Яһуданың халқы өздерін жорықтарға бастап шығатын Дәуітті жақсы көрді.
Жеңімпаз Дәуіттің патша қызы Михолға үйленуі
17
Сол кезде Саул: «Мен оған қол жұмсамай-ақ қояйын, соны філістірлерге қалдырайын!» деген айлалы оймен Дәуітке:
— Тек ерлікпен маған қызмет етіп, Жаратқан Ие үшін шайқаса бер! Саған үлкен қызым Мерабты әйелдікке беремін! — деп уәде етті.
18
Дәуіт:
— Патшаның күйеу баласы болатындай мен кіммін, отбасым мен шыққан әулетім де кім, сонша?! — деп кішіпейілділік танытты.
19
Алайда Саул қызы Мерабты Дәуітке ұзататын уақыты келгенде, оны Дәуітке емес, мехолалық Әдіриел деген біреуге берді.
20
Ал Саулдың басқа қызы Михол Дәуітке ғашық болатын. Осы туралы хабар алған Саул соны мақұл көріп,
21
«Дәуітке Михолды беремін. Осылай оны тұзаққа түсіріп, філістірлер арқылы көзін құртамын» деген айлалы жоспар құрды. Дәуітке екінші рет: «Қызыма үйлен», — деп ұсыныс жасап,
22
қызметшілеріне де мынадай бұйрық берді: «Дәуітпен жеке сөйлесіп, оған: Сені патша қатты ұнатады, оның барлық нөкерлері де сені жақсы көреді. Ендеше патшаның қызына үйленсеңші деңдер!»
23
Саулдың қызметкерлері оның бұл сөздерін Дәуітке жеткізгенде ол: «Патшаның күйеу баласы болуды болмашы нәрсе көріп отырсыңдар ма?! Мен кедеймін, беделім де зор емес!» — деп жауап берді.
24
Қызметкерлер мұны Саулға хабарлағанда,
25
ол: «Дәуітке былай деп айтыңдар: Патша сенен қалыңмал ретінде тек жүз філістірді өлтіріп, соның дәлелдерін алып келуіңді ғана тілейді. Ол жауларынан осылай кек алмақшы», — деді. Ал шынында Саул Дәуітті філістірлердің қолымен құртпақ болды.
26-27
Нөкерлер Дәуітке осы шартты білдіргенде, ол патшаның қызына үйленуді дұрыс көрді. Белгіленген күндер өтпей жатып, Дәуіт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екі жүз філістірді өлтірді. Қызына үйлену үшін Дәуіт патшаға батырлық ісінің дәлелдерін түгелдей алып келіп берді. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты.
28
Саул Жаратқан Иенің Дәуітке жар болғанын және өзінің қызы Михолдың оны жақсы көретінін түсініп,
29
Дәуіттен бұрынғыдан бетер қорқатын болды. Оны өле-өлгенше өзінің қас жауындай көрді.
30
Філістірлердің қолбасшылары елге шабуыл жасаған сайын Дәуіт Саулдың басқа қызметкерлеріне қарағанда әлдеқайда парасатты әрекет жасап, даңқы өскен үстіне өсе түсті.