Патшалықтар 1-ж.  17
Алып Ғолият және Құдайға сенетін жас Дәуіт батыр
1
Біраз уақыттан кейін філістірлер өздерінің жасақтарын соғысқа жинады. Олар Яһуда руының жеріндегі Сохо қаласының маңайында бас қосып, Сохо мен Әзеканың
а
арасындағы Епес-Даммимға
ә
қостарын тікті.
2
Сонда Саул және Исраилдің ер адамдары Емен аңғарында жиналып, сап түзеп, шайқасқа дайындалды.
3
Філістірлер бір төбенің, исраилдіктер екінші төбенің беткейінде тұрып, араларында аңғар жатты.
4
Сонда філістірлер жағынан жекпе-жек шайқасқа бір жауынгер шықты. Ол Ғат қаласынан келген, есімі Ғолият,
б
бойы алты жарым шынтақ болатын алып еді.
5
Басына қоладан жасалған дулыға, үстіне қабыршақ тәрізді жасалған қола сауыт киіп алған екен. Сауыттың салмағы үш жарым пұт шамасында
в
болатын.
6
Алып аяқтарына қола тізеқап, ал арқасына қола найза
г
таңыпты.
7
Оның сүңгісінің ағаш сабы бақандай жуан,
ғ
ал соның темір ұшының салмағы жарты пұттай
д
болатын. Алыптың алдынан үлкен қалқанын көтерген нөкері жүріп отырды.
8
Ғолият тұрып, Исраилдің сапта тұрған жасақшыларына дауыстап айқайлап: «Сендер неге сап түзеп тұрсыңдар? Мен філістірмін! Ал сендер Саулдың қызметшілері ғана емессіңдер ме? Ендеше араларыңнан біреуді таңдап алыңдар, ол қасыма келсін!
9
Егер ол менімен шайқасып, көзімді құртса, онда біз сендердің құлдарыңа айналамыз. Ал егер мен оны жеңіп, өлтірсем, онда сендер бізге құл болып, қызмет етесіңдер! — деп жекпе-жекке шақырды.
10
Сол філістір тағы да: — Мен бүкіл Исраил жасағының саптарын масқаралап тұрмын: менімен сайысқа түсетін бір адамды жіберіңдерші!» — деп айқай салды.
11
Осыны естіген Саул мен Исраилдің күллі жасақшылары абыржып, қатты қорықты.
12
Дәуіт (те мұны естіді. Ол) Яһуда руының Бетлехем қаласында тұратын ефраталық
е
Есейдің ұлы болатын. Сегіз ұлы бар Есейдің өзі Саул патшалық құрған кезде жасы ұлғайып қартайған шақта еді.
13
Оның үлкен үш ұлы Елияп, Әбінадап, Шаммах
ж
Саулға еріп соғысқа шыққан болатын.
14
Дәуіт Есейдің кенже ұлы еді. Оның үш ағасы Саулдың жасағында жүргенде,
15
Дәуіт Бетлехемде әкесінің қойларын бағып, Саулдың жасақ қосына барып-келіп жүретін.
16
Әлгі філістір қырық күн бойы таңертең және кеш сайын алға шығып, өзін көрсетіп тұрды.
17
Бірде Есей Дәуітті тағы да жұмсап: «Балам, мына жарты қап
з
қуырылған бидай мен он таба нанды ал да, тездетіп әскердің қосындағы ағаларыңа апар.
18
Мына он ірімшікті олардың мыңбасына
и
бер. Ағаларыңның хал-жағдайлары мен мұқтаждарын біліп қайт.
19
Олар қазір Исраилдің күллі ер азаматтарымен бірге Саулға еріп Емен аңғарында філістірлерге қарсы соғысып жатыр ғой!» — деп тапсырды.
20
Дәуіт таңертең ертемен тұрып, қойларын бір күзетшіге қалдырды. Содан жүгін артып, әкесінің тапсыруымен жолға шықты. Дәуіт әскердің қосына келгенде, олар атой салып, ұрыс даласына шығып бара жатыр екен.
21
Исраилдіктер мен філістірлердің әскерлері бір-біріне қарсы сап түзеді.
22
Дәуіт әкелген азық-түлігін әскердің жарағын күзететін адамның қарауына тапсырып, сапта тұрған ағаларына жүгіріп барып, амандық сұрай бастады.
23
Дәуіт олармен сөйлесіп тұрған кезде, жекпе-жек шайқасушы ғаттық філістір жауынгері Ғолият жау сапынан шықты да, бұрынғы сөздерін қайталап айқайлай бастады. Дәуіт те мұны естіп тұрды.
24
Исраилдің күллі жасақшылары алыпты көре салысымен қатты қорқып, шегіне бастады.
25
Олар өзара: «Мына адамды көріп тұрсыңдар ғой. Қап, әттеген-ай, ол Исраилді масқаралау үшін алға шығып жүр! Оны біреу өлтірсе, патшамыз соған зор байлық сыйлайды. Сондай-ақ, оған өз қызын беріп, бүкіл әулетін де алым-салықтан босатады!» — десті.
26
Дәуіт қасында тұрғандарға:
— Мына філістірдің көзін құртып, Исраилдің көріп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берілмек дедіңдер? Бұл құдайсыз філістір
к
мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралайтындай кім еді, сонша?! — деді.
27
Олар:
— Оның көзін құртқанға мынадай жүлде сыйланбақ, — деп, манағы сөздерін қайталап айтып берді.
28
Бірақ үлкен ағасы Елияп Дәуіттің сарбаздармен сөйлесіп жатқанын көріп, ашуы кернеп:
— Несіне мұнда жетіп келдің? Ана азғантай қойды айдалада кіммен қалдырдың? Сенің өркөкіректігіңді әрі жүрегіңнің зұлымдығын білемін! Мұнда тек шайқасты көру үшін келдің ғой! — деп зекіді.
29
Дәуіт:
— Бір-екі ауыз сөз айтқаннан басқа мен соншама не істеп қойдым! — деп жауап берді.
30
Содан ол ағасынан бұрылып кетіп, басқа адамға да сол сұрақты қойған еді. Оның да жауабы сондай болды.
31
Естігендер Дәуіттің айтқандарын Саулға жеткізді. Патша оны өзіне шақыртып алғанда,
32
Дәуіт:
— Тақсыр, ешкім сол філістірден қорықпай-ақ қойсын. Алдыңыздағы қызметшіңіз барып, онымен шайқасуға дайын, — деді.
33
Бірақ Саул:
— Сен бұл філістірге қарсы жекпе-жекке шыға алмайсың! Әлі жассың, ал ол — бала кезінен-ақ соғысқа машықтанған жауынгер! — деп ескертті.
34
Сонда Дәуіт оған былай деді:
— Тақсыр, алдыңыздағы қызметшіңіз әкесінің қойларын бағып келеді. Кейде арыстан не аю қойға шауып, малдың біреуін ала қашатын кездері болды.
35
Сонда оны қуып жетіп, соғып, малды аранынан тартып алатынмын. Егер өзіме бас салса, оның сабалақ жүнінен шап беріп, ұстап алып, ұрып өлтіретінмін.
36
Қызметшіңіз арыстан мен аюдың көзін құртып келді. Енді мына құдайсыз філістір де солардың кебінін киетін болады. Себебі ол мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралап тұр! —
37
Бұған ол: — Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған Жаратқан Ие мына філістірден де қорғайтын болады, — деп қосты. Саул мақұлдап:
— Онда бар, Жаратқан Ие саған жар болсын! — деді.
38
Патша Дәуітке өзінің сырт киімін, басына қола дулығасын, үстіне сауытын кигізді.
39
Дәуіт патшаның семсерін де тағып алып, қару-жарағымен олай-бұлай жүріп көруге тырысқан еді. Бірақ ол үйренбегендіктен Саулға: «Мыналарды киіп жүре алмаймын. Бұған үйренген емеспін», — деп шешіп тастады.
40
Дәуіт таяғын қолына алып, жылғаның түбінен бес жұмыр кесек тас теріп, дорбасының сырт қалтасына салып алды. Содан ол қолына сақпанын ұстап, філістірге қарай беттеді.
41
Філістір де Дәуітке қарай жақындап келе жатты. Оның алдында нөкері үлкен қалқанын көтеріп жүрді.
42
Філістір Дәуітке қарап, оның беті албыраған, сымбатты жас жігіт екенін көрді. Оны менсінбей:
43
— Маған таяқпен шығатындай ит пе едім, сонша?! — деп айқайлады. Өзінің табынатын тәңірлерінің аттарымен қарғап-сілеп:
44
— Кәне, маған жақындап көрші! Етіңді жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып берейін! — деп шақырды.
45
Дәуіт оған былай деп жауап қайырды:
— Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлемнің Иесінің атымен, иә, өзің масқаралап отырған
қ
исраилдік әскери саптарының Құдайының атымен келе жатырмын!
46
Бүгін Жаратқан Ие сені қолыма түсіреді. Сені өлтіріп, басыңды шауып тастаймын, әрі філістір әскерінің өліктерін жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып беремін. Сонда бүкіл әлем Исраилде (шынайы) Құдайдың бар екенін білетін болады!
47
Мұнда жиналғандардың бәрі де Жаратқан Иенің құтқару үшін семсер мен сүңгіні керек қылмайтынына көз жеткізетін болады! Себебі бұл соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізіп, сендерді біздің қолымызға тапсырады!
48
Сонда філістір алға жүріп, Дәуітке таман жақындап келді. Дәуіт оған қарсы, філістір сапына қарай жүгіріп барды да,
49
дорбасынан бір тасты суырып алып, сақпанына салып, атып жіберді. Тас філістірдің маңдайына дәл тиіп, оны тесіп, кіріп кетті.
50
Осылай Дәуіт філістірді тек сақпан және кесек таспен ғана жеңіп шықты. Қолында тіпті семсері болмаса да, оны ұрып өлтірді.
51
Дәуіт құлап жатқан Ғолияттың қасына келіп, оның семсерін қынабынан суырып алып, басын шауып тастады. Сонда філістір жауынгерлері өздерінің батырының өлгенін көріп, қаша жөнелді.
52
Исраил мен Яһуданың адамдары тұра көтеріліп, атойлап, оларды аңғардың
л
кірер жағына және Әкронның қақпаларына дейін қуып тастады. Көптеген філістірлер Шағараимнан Ғат пен Әкронға дейінгі жолда жарақаттанып құлап, өліп жатты.
53
Исраилдіктер філістірлерді қуып тастап, қайтып оралғанда олардың әскер қостарын олжалады.
54
Дәуіт кейін Ғолияттың басын Иерусалимге алып барды,
м
ал қару-жарағын өзінің шатырында сақтап қойды.
55
Дәуіттің філістірге қарсы шыққанын бақылап тұрған Саул қолбасшысынан:
— Әбенир, мына жас жігіт кімнің баласы?
н
— деп сұраған болатын. Әбенир:
— Патшам, нағыз шындықты айтайын: бұл туралы тіпті білмейді екенмін! — деп жауап бергенде,
56
патша:
— Онда сен кімнің баласы екенін сұрап біліп кел! — деп бұйырған еді.
57
Осылай Дәуіт філістірді жеңіп, жасақ қосына қайтып келісімен Әбенир оны Саулдың алдына алып келді. Ол қолында філістірдің басын әлі де ұстап жүрді.
58
Саул:
— Жігітім, кімнің баласысың? — деп сұрады. Дәуіт:
— Тақсыр, бетлехемдік қызметшіңіз Есейдің ұлымын, — деп жауап берді.

а  Еш 10:10; 15:35; Шеж2 28:18.

ә  Осы қаланың аты Пас-Даммим деп те аталады (Шеж1 11:13).

б  Ғолият «Жалут» деп те аталады.

в  Яки: шамамен елу жеті килограмм.

г  Немесе: қысқа қылыш.

ғ  Немесе: ағаш сабы тоқымашының өрмегін керіп тұратын бақандай (жуан).

д  Яки: шамамен жеті килограмм.

е  Ефрата: Бетлехем қаласы мен аймағының көне аты (Жар 35:19; Рут 1:2; 4:11).

ж  16:6,8-9.

з  Яки: шамамен жиырма екі литр.

и  Немесе: бөлімдерінің басшысына.

к  Немесе: Бұл сүндеттелмеген філістір (14:6; 17:36).

қ  17:10,26.

л  Немесе: Ғаттың.

м  Иерусалим кейін Дәуіттің астанасы болды (Пат2 5:9).

н  Яки: мына жас жігіттің шыққан ата-тегі қандай?