Патшалықтар 1-ж. 16
Құдайдың Дәуітті басшылыққа таңдап алуы
1
Мұнан кейін Жаратқан Ие Самуилге:
— Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым, — деп бұйырды.
2
— Қалай барсам екен? Саул естісе, мені өлтіреді ғой! — деп сұрады Самуил. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:
— Табыныңнан бір қашарды алып барып, «Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға келдім» дерсің.
3
Құрбандық асқа Есейді шақыр. Не істеуің керек екенін саған білдіремін. Өзім айтқан адамға май жағу рәсімін жасайсың.
4
Самуил Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, Бетлехемге барды. Сонда қаланың ақсақалдары қатты абыржып, оның алдынан шығып:
— Тыныштық па? — деп амандасты.
5
Ол:
— Тыныштық. Мен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін келдім. Сендер Тәңір Иеге бағышталып, тазарыңдар! Содан кейін менімен бірге құрбандық асына жүріңдер, — деп тапсырды. Самуил Есей мен оның ұлдарын да тазару рәсімінен өткізіп, құрбандыққа шақырды.
6
Бұлар келгенде, Самуилдің көзі (Есейдің тұңғышы) Елияпқа түсіп, «Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!» — деп ойлады.
7
Бірақ Жаратқан Ие оған былай деді: «Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Себебі Құдай пенденің көзімен қарамайды ғой.
Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады,
Ал Жаратқан Ие оның жүрегіне көз салады».
8
Сонда Есей (екінші баласы) Әбінадапты шақырып, Самуилдің алдына алып келді. Бірақ Самуил: «Мұны да Жаратқан Ие таңдаған жоқ», — деді.
9
Есей Шаммахты алға шығарғанда, Самуил: «Жаратқан Ие мұны да таңдап алған жоқ», — деп қайталады.
10
Осылай Есей өзінің жеті ұлын да Самуилдің алдынан өткізді. Бірақ ол: «Жаратқан Ие бұлардың ешқайсысын таңдаған жоқ», — дей берді.
11
Ақырында Самуил Есейден:
— Барлық ұлдарың осылар ма? — деп сұрады.
— Тағы бір кенже ұлым бар. Ол қой-ешкі бағып жүр.
— Кісі жіберіп, оны алдыртшы! Сол келмейінше құрбандық асына отырмаймыз, — деп тапсырды Самуил.
12
Есей кісі жіберіп, ұлын алдыртты. Ол беті албырап, көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт екен. Жаратқан Ие Самуилге: «Тұр, бұл — сол. Оған май жағу рәсімін жаса», — деп бұйырды.
13
Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды. Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайтып кетті.
Дәуіттің сарайдағы қызметке кірісуі
14
Ал Жаратқан Иенің Рухы Саулды тастап кеткен еді. Содан бастап Тәңір Ие жіберген бір қинайтын рух Саулдың үрейін ұшырып қорқытатын болды.
15
Қызметкерлері Саулға:
— Қараңыз, сізді Құдай жіберген бір қинайтын рух қорқытып жүр.
16
Ендеше, тақсыр иеміз, алдыңыздағы қызметкерлеріңізге домбыраны шебер тартатын біреуді тауып алып келуге әмір ете көріңіз. Қинайтын рух сізге қонған кезде әлгі адам домбыра тартсын. Сонда өзіңізді жақсы сезінер едіңіз, — деген ұсыныс жасады.
17
Саул оларға:
— Мақұл, жақсы күй ойнайтын адамды іздеп, тауып, маған алып келіңдер! — деп бұйырды.
18
Жас қызметкерлердің бірі:
— Мен бетлехемдік Есейдің жақсы күй тартатын бір ұлын көргенмін. Ол — мықты да батыл жігіт; ойлап сөйлейді, сырт көрінісі де келісті. Жаратқан Ие де оған жар болып келеді, — деді.
19
Саул Есейге хабаршыларын жұмсап: «Маған қой бағып жүрген ұлың Дәуітті жібер!» — деген сәлем жолдады.
20
Есей бір есекке нан мен бір торсық шарап және бір лақты артып, Дәуіттен Саулға беріп жіберді.
21
Осылайша Дәуіт Саулға барып, қызметіне кірісті. Патша оны ұнатып, қару тасушыларының бірі етіп қойды.
22
Есейге ол: «Дәуіт маған ұнады. Қасымда қалып, қызмет етсін», — деп хабаршысын жұмсады.
23
Саулға Құдай жол берген қинайтын рух қонған сайын Дәуіт домбырасын алып, тартатын. Сонда Саул тәуір болып, қинайтын рух та оны тастап кететін.