Патшалықтар 1-ж. 13
Саулдың Құдайға толық сенбей, еркінсіп құрбандық шалып, өртеп ұсынуы
1
Осылай бір жыл өтіп кеткен еді. Исраилге патшалық құрғанына екі жыл толғанда Саул
2
исраилдіктердің арасынан үш мың ер адамды таңдап алды. Олардың екі мыңын өзімен бірге Миқмаста және Бетелдің қыратты айналасында, ал бір мыңын тұңғышы Жонатанмен бірге Буняминдегі Гибеяда орналастырды. Ал қалған адамдарды үйлеріне қайтарып жіберді.
3
Бірде Жонатан філістірлердің Гебадағы қарауылшылар тобына шабуыл жасады. Філістірлер осы туралы естігендіктен, Саул бүкіл елде керней тартқызып, «Исраилдіктер құлақ салсын!» — деп жариялатты.
4
Сонда барлық халық: «Саул філістірлердің қарауыл тобына шабуыл жасап, енді олар Исраилге өшігіп отыр!» — дегенді естіп, ер адамдар Саулға қосылу үшін Ғылғалға жиналды.
5
Філістірлер де Исраилге қарсы соғыс жасағын жинады: олардың үш мың соғыс күймесі, соларға мінетін алты мың жауынгері және теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз жаяу жасақшылары болды. Олар аттанып келіп, Бет-Әбеннің шығыс жағындағы Миқмасқа орнығып алды.
6
Исраилдің ер адамдары өз жағдайларының қиындағанын көрді. Жау жан-жақтан тықсырғандықтан, Исраилдің жасағы қашып кетіп, үңгірлер мен шатқалдарды, жартастардың қуыстарын, шұңқырлар мен жер астындағы су қоймаларын паналады.
7
Кейбіреулері тіпті Иордан өзенінен өтіп, Ғад пен Ғилақад аймағына қашып құтылды.
Ал Саул әлі де Ғылғалда еді, жанындағы сарбаздарының бәрі қорыққаннан қалшылдап тұрды.
8
Самуил өзіне айтқандай, Саул жеті күн күте тұрды. Бірақ Самуил Ғылғалға келіп болмаған соң, жасақ Саулдың қасынан бытырап кетіп жатты.
9
Сонда Саул: «Шалып, өртеп ұсынуға арналған және басқа да құрбандық малдарды маған алып келіңдер!» — деп бұйырды. Содан ол өзі малдарды құрбандыққа шалып, Құдайға бағыштап өртеп жіберді.
10
Осы рәсім бітісімен Самуил де келе қалды. Саул амандасып, қарсы алу үшін алдынан шықты.
11
Самуил оған:
— Сен не істедің? — деген сұрақ қойды. Саул:
— Қасымдағы адамдарымның бытырап кетіп жатқанын көрдім. Ал өзіңіз келемін деген уақытта келмей қалдыңыз. Оның үстіне філістірлер Миқмасқа жиналды.
12
Мен сонда філістірлер қазір Ғылғалға келіп, маған қарсы шабуыл жасамақшы, ал мен өзіме оң көзімен қарасын деп Жаратқан Иеге әлі де сый-тарту ұсынған жоқпын ғой деп ойладым. Содан мен құрбандықты шалып, өртеп ұсынуға тиістімін деп есептедім, — деді.
13
Ал Самуилдің жауабы мынау болды:
— Сен өз Құдайың — Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың! Осы бұйрықты орындағанда Жаратқан Ие сенің патшалығыңды мәңгілікке бекітер еді.
14
Ал сен Жаратқан Иенің саған бұйырғанын жүзеге асырмадың. Енді патшалық етуің берік болмайды! Жаратқан Ие Өзінің көңілінен шыққан біреуді тауып алады. Сол адам Оның меншікті халқының басшысы болады.
Исраилдің қару-жараққа тапшылығы
15
Сонымен Самуил (өз жөніне кетті. Саул қалған сарбаздарын ертіп філістір жасағына қарсы шығу үшін) Ғылғалдан Бунямин жеріндегі Гибеяға өрлеп барды. Саул қасындағы адамдарын санап шыққанда, барлығы алты жүз болды.
16
Бұдан кейін Саул мен Жонатан сарбаздарымен Бунямин жеріндегі Гебаның маңына орнықты, ал філістірлер жасақ қосын Миқмастың қасына тіккен еді.
17
Філістірлердің арасынан елді тонауға үш жасақшылар тобы шығып, біреуі Сұғал төңірегіндегі Офраны,
18
екіншісі Бет-Хоронды, ал үшіншісі Шибөрі аңғары мен оның арғы жағындағы елсіз далаға қараған қырат жолын бетке алды.
19
Сол заманда бүкіл Исраил елінде (темір құралдар жасайтын) бірде-бір ұста жоқ болатын. Себебі філістірлер: «Әйтпесе исраилдіктер семсерлер мен сүңгілер жасап алады», — деп қауіптенген еді.
20
Күллі исраилдіктер соқа-кетпендерін, балта-орақтарын қайрап алу үшін філістірлерге баруға тиіс болатын.
21
Соқа не кетпенді қайраудың бағасы — бір күміс мысқалдың үштен екі бөлігіндей, ал айыр, балта не істік іспетті басқа да үшкір құралды қайрау — мысқалдың үштен біріндей күмістен тұратын.
22
Осылайша Саул мен Жонатанға еріп жүрген сарбаздардың ешқайсысында соғысатын не семсер, не сүңгі болмады. Ондай қару тек патша мен патшазаданың ғана қолында болды.
23
Бұл кезде філістірлердің бір топ жасақшылары Миқмас асуына қарай бет алған еді.