Патшалықтар 1-ж. 11
Саулдың Ябес қаласын жау қолынан құтқаруы
1
Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғилақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған:
— Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады.
2
Ал Нахаш:
— Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді.
3
Сонда Ябес қаласының басшылары:
— Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді.
4
Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады.
5
Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді.
6
Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді.
7
Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!»
Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды.
8
Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның шыққаны белгілі болды.
9
Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып,
10
аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады.
11
Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті.
Саулдың патша болуға қайтадан бекітілуі
12
Содан соң халық Самуилге:
— «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді.
13
Бірақ Саул:
— Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды.
14
Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!»
15
Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.