Патшалықтар 1-ж. 10
1
Самуил майға толған құтысын алып, одан Саулдың басына құйды. Оның бетінен сүйіп, былай деді:
— Біліп қой, Жаратқан Ие сені Өзінің меншігінің басшысы етіп тағайындады!
2
Соның белгісі мынау болады: сен қазір қасымнан кетіп, Бунямин жерінің шекарасындағы Селсаққа жеткенде, Рахиланың қабірінің жанында екі адамды кездестіресің. Олар саған: «Сен іздеген есектер табылды. Бірақ әкең енді оларды емес, сені ойлап, балама не болды екен деп уайымдап жатыр» дейтін болады.
3
Әрі қарай жүріп, Табордағы еменді тоғайға жеткеніңде саған Бетелге Құдайға құлшылық етуге бара жатқан үш адам жолығады. Біреуі үш жас лақ, екіншісі үш күлше нан, үшіншісі бір торсық шарап көтеріп бара жатады.
4
Олар сенімен амандық сұрасып, екі нанын сыйға тартады. Бергенін қабылдап ал.
5
Содан кейін сен Құдайдың Гибея қаласына барасың. Сол жерде філістірлердің жасақшылар тобы да орналасқан. Оған жақындағанда пайғамбарлар қауымының бір тобын кездестіресің. Олар ғибадат орнынан төмен түсіп, шертер, даңғыра, сыбызғы және жетіген тартып, ерекше көңіл күйімен Құдайды мадақтап келе жатады.
6
Сонда Жаратқан Иенің Рухы саған құдіретпен қонып, сен де олармен бірге ерекше күйге еніп, Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан дүниең өзгеріп, басқа адам болып кетесің.
7
Осының бәрі орындалғанда өзің дұрыс дегеннің барлығын істей бер. Себебі Құдай саған жар болады.
8
Мұнан кейін менен бұрын Ғылғалға бар. Өзім де міндетті түрде сол жерге қасыңа барып құрбандық шалып, Құдайға арнап өртеп жіберемін. Сондай-ақ, ризашылық құрбандықтарын да шаламын. Мен келгенше бір жеті күт! Сол жерде бұдан былай не істейтініңді айтамын.
Саулдың Құдайды пайғамбар іспетті мадақтауы
9
Содан Саул Самуилдің қасынан бұрылып, әрі қарай кетісімен-ақ, Құдай Саулдың жан дүниесін өзгертіп, оны басқа адам етіп қойды. Самуилдің алдын ала айтқан өзге белгілерінің барлығы да сол күні іске асты.
10
Қызметші екеуі Гибеяға жеткенде бірден алдарынан пайғамбарлар тобы жолықты. Құдайдың Рухы кенеттен Саулға қонып, ол пайғамбарлардың арасында ерекше көңіл күйіне еніп, Құдайды мадақтай бастады.
11
Саулды бұрыннан танитындар оның пайғамбарлармен бірге ерекше күйге түсіп, Құдайды мадақтап жүргенін көргенде: «Қиштың ұлына не болған? Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» — десті.
12
Сол жердегі бір адам: «Ал солардың әкесі кім екен?» — деп сұрады. «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деген мәтел осылай пайда болды.
13
Бойын билеген ерекше көңіл күйі тынышталғаннан кейін Саул Құдайға құлшылық ететін төбе басына көтерілді.
14
Бұдан кейін немере ағасы Саул мен оның қызметшісіне кездесіп:
— Сендер қайда барып келдіңдер? — деп сұрады. Саул:
— Біз есектерді іздедік. Оларды таба алмаған соң Самуил ағаға кіріп шықтық, — деді.
15
— Ол сендерге не деді? Айтып берші, — деп сұрады ағасы.
16
— Бізге: «Есектерің табылды!» деп нық айтты. — Бірақ Саул ағасына Самуилдің өзіне патшалық туралы айтқандары жайлы тіс жармады.
Саулдың патшалыққа тағайындалуы
17
Содан соң Самуил Исраил халқын Жаратқан Иенің алдына Миспаға жиналуға шақырды.
18
Сол жерде оларға былай деді:
— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Исраилдің үрім-бұтағы, сендерді Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздеріңді қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгісінен азат еткен Менмін!»
19
Алайда сендер бүгін Құдайларыңнан — өздеріңді күллі пәлелер мен қиыншылықтардан құтқаратын Оның Өзінен бас тартып, Оған: «Бізге патша тағайындап бер!» — дейсіңдер. Олай болса, ру, әулеттеріңнің ретімен Жаратқан Иенің алдына келіп, тұрыңдар!
20
Самуил Исраилдің барлық руларының басшыларын алға шығарғанда, Бунямин руы таңдалды.
21
Содан ол Бунямин руының өкілдерін алға шығарды. Сонда Матридың үрім-бұтағы, ал соңында сол әулеттің ішінен Қиш ұлы Саул таңдалды. Бірақ олар Саулды іздегенде, ол жоқ болып шықты.
22
Сонда халық Жаратқан Иеден: «Сол адам тіпті мұнда келді ме екен?» — деп сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Иә, ол қазір жүктің арасында жасырынып жатыр». —
23
Олар сол жерге жүгіріп барып, оны алып келді. Саул халықтың ортасында тұрғанда барлығының бойы оның иығынан ғана келді.
24
Самуил халыққа:
— Жаратқан Иенің таңдаған адамын көріп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетін ешкім жоқ! — деді. Сонда күллі халық:
— Патша жасасын! — деп ұрандап айқай салды.
25
Содан Самуил бүкіл халыққа патшаның құқықтары мен міндеттері туралы баяндап айтып берді. Соларды бір кітапқа жазып, оны Жаратқан Иенің алдына сақтап қойды. Бұдан соң жиналысты таратып, халықты үйлеріне жіберді.
26
Саул да Гибеяға үйіне қайтты. Құдай бірнеше қайратты жігіттердің жүректеріне әсер етіп, олар Саулға ілесіп нөкерлері болды.
27
Бірақ кейбір арсыздар: «Немене, бізді құтқаратын осы ма?» — деп, Саулды менсінбей, ешбір сыйлық ұсынбады. Алайда Саул олардың мұнысын байқамағандай болып үндемеді.