Петірдің 1-хаты 4
Құдайға бағышталған жаңа өмір
1
Сонымен, Мәсіхтің Өзі тәнімен азап шеккендіктен, сендер де (жақсылық үшін азап шегуге дайын) болыңдар! Осындай ой-ниет өздеріңді қорғайтын қалқан іспетті. Тәні азап шегіп жатқан сенуші күнәлі құмарлықтарына берілмейді.
2
Бұдан былай осы дүниедегі өміріңнің қалған кезеңін ескі күнәкар болмыстарыңның құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне мойынсұнып өткізулерің керек.
3
Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткіздіңдер: өмірлерің жүгенсіздік, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрінішті жалған тәңірлерге құлшылық етумен өтіп келді.
4
Бұрынғы серіктерің өздерінің иіріп, тартып әкететін азғын өмір салттарына енді батпағандықтарыңа таңғалып, налып, сендерді жамандайды.
5
Қиямет сотында олар тірілер мен өлілерге үкім шығаруға дайын тұрған Иемізге есеп бермек.
6
Ізгі хабардың кейін өлген сенушілерге де уағыздалғандығының себебі мынау: Тәңір Ие адамзатқа күнәкарлығы үшін ажалды етіп үкім шығарғандықтан, сол сенушілердің де тәндері өлді. Бірақ жандары Құдайдың еркі бойынша мәңгі тірі болмақ.
7
Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болыңдар!
8
Ең бастысы, бір-біріңді шынайы сүйіңдер, сондай сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді.
9
Ешбір наразылықсыз өзара қонақжай болыңдар.
10
Тәңір Ие рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолданыңдар. Әрқайсыларың қабылдаған дарындарыңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер:
11
уағыз айтатындарың Құдай сөзін уағыздай беріңдер; қызмет көрсететіндерің Тәңір Иенің өздеріңе берген күш-қуатымен қызмет ете беріңдер! Осылайша барлық істе де Құдай Иса Мәсіх арқылы мадақталсын. Ұлылық, даңқ және билік мәңгі Онікі! Аумин.
Мәсіхші ретінде азап шегудегі төзімділік
12
Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің «от кешіп» ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар.
13
Қайта, неғұрлым көбірек Мәсіх секілді азап шексеңдер, соғұрлым көбірек қуаныңдар. Сонда Мәсіх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, ашық көрінген кезде де шаттанып қуанатын боласыңдар.
14
Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдайдың Рухы сендерге орнығады.
15
Алайда егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс!
16
Ал мәсіхші болғандарыңа бола жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атымен аталғандарың үшін Құдайды мадақтаңдар.
17
Осылай Тәңір Иенің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!
18
Әділ жанның өзі зорға құтқарылғанда, арамза, күнәлі адаммен не болмақ?!
19
Сонымен, Құдайдың еркі бойынша азап шегіп жүрген сендер, жандарыңды әрдайым уәдесін орындайтын Жаратушыға сеніп тапсырыңдар, әрі игі істер жасай беріңдер!