Патшалықтар 3-ж. 20
Арама патшасының Самарияға қарсы аттануы
1
Сол кездері Арама елінің патшасы Бен-Хадад күллі әскерін жинап алды. Онымен бірге өзіне қарасты тағы отыз екі патша өздерінің салт аттылары және соғыс күймелерімен қоса аттанды. Барлығы өрлеп барып, Самария қаласын қоршап алып, оған шабуыл жасамақ болды.
2
Бен-Хадад сол қалада орналасқан Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа елшілерін жіберіп, оған былай деп сәлем жолдады:
— Бен-Хадад мынаны айтады:
3
Сенің алтын-күмісің менікі, әйелдерің мен балаларыңның ең көріктілері де менікі! —
4
Солтүстік Исраилдің патшасы жауап беріп былай деді:
— Уа, патша ием, айтқаныңызға құлдық. Өзім де, мендегінің бәрі де сіздікі!
5
Бен-Хададтың елшілері Ахабқа қайтадан келіп, былай деді:
— Бен-Хадад мынаны айтады: Мен сенен алтын-күмісіңді, әйелдерің мен балаларыңды өзіме талап етіп елшілерімді жіберген болатынмын.
6
Ендеше ертең шамамен осы уақытта нөкерлерімді жіберемін. Олар сенің сарайыңды, нөкерлеріңнің үйлерін тінтіп, сен үшін құнды нәрселердің барлығын да алып кететін болады!
7
Солтүстік Исраилдің патшасы елдің ақсақалдарын шақырып алып, оларға:
— Мына адамның қалай шатақ шығарғысы келіп отырғанын өздерің де көріп отырсыңдар. Әйел, бала-шағамды, алтын-күмісімді талап етіп келіп еді. Мен онысына қарсы шықпадым, — деді.
8
Сонда барлық ақсақалдар да, күллі халық та патшаға:
— Оны тыңдамаңыз, талабымен де келіспеңіз! — деп кеңес берді.
9
Содан Ахаб патша Бен-Хададтың елшілеріне былай деп жауап берді:
— Патша иеме мынаны айтыңдар: Мендей құлыңыздан алғаш рет талап еткендеріңіздің барлығын да орындаймын. Ал соңғы айтқандарыңызды істей алмаймын! — Елшілер қайтып кетіп, Бен-Хададқа осыны жеткізді.
10
Сонда Бен-Хадад мына хабарды жіберді:
— Егер мен Самариядан әрбір жасақшымның алақанын толтыратындай күлді қалдыратын болсам, онда тәңірлер мені жазалаған үстіне жазалай берсін! —
11
Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб оған мына мақалмен жауап берді:
— Оған айтып барыңдар: Семсерін асынып жатқан емес, онысын жеңіспен шешкен мақтансын!
12
Осы хабарды естігенде Бен-Хадад шатыр ішінде одақтас патшаларымен бірге шарап ішіп отырған еді. Ол нөкерлеріне: «Шабуылға дайындалыңдар!» — деп бұйырды. Олар барып, қалаға бас салу үшін өз орындарына бекінді.
Ахабтың Арама патшасын жеңгенмен босатып жіберуі
13
Сол кезде бір пайғамбар Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабтың қасына барып, оған былай деді:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: Сол орасан зор әскерді көріп тұрсың ба? Біліп қой, Мен оларды бүгін-ақ сенің қолыңа тапсырамын. Сонда сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың! —
14
Ахаб:
— Мұны Ол кім арқылы іске асырмақ? — деп сұрады. Пайғамбар оған:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: аймақ әкімдеріне қарасты жас жігіттер арқылы, — деп жауап берді. Ахаб қайтадан:
— Ал шайқасты кім бастайды? — деп сұрағанда, пайғамбар:
— Сіз өзіңіз, — деді.
15
Сонда патша аймақ әкімдерінің қарауындағы жас жігіттерді шақырып алды. Олар екі жүз отыз екі адам екен. Содан кейін бүкіл исраилдік жасақты түгендеп санағанда, олар жеті мың болды.
16
Бұлар түс кезінде соғысуға аттанып шықты. Сол уақытта Бен-Хадад өзімен одақтасқан отыз екі патшамен бірге шатыр ішінде ішіп, мас болып отырды.
17
Ең алдымен қаладан аймақ әкімдеріне қарасты жас жігіттер бастап шықты. Бен-Хадад жіберген барлаушылар оларды байқап, оған:
— Самариядан адамдар шықты, — деп мәлімдеді.
18
Сонда ол:
— Олар не бітім жасау үшін, не соғысу үшін шықса да, бәрібір оларды тірідей қолға түсіріңдер! — деген әмір берді.
19
Осы аралықта аймақ әкімдерінің жас жігіттері және соңдарынан ілескен Исраил жасағы қаладан аттанып шығып,
20
олардың әрқайсысы өзіне қарсы тап болған жаудың адамын күйретіп өлтірді. Сонда арамалықтар бас сауғалап қашып, исраилдіктер олардың артынан қуа жөнелді. Арама патшасы Бен-Хадад атқа мініп, біраз салт аттылармен бірге қашып кетті.
21
Енді Исраилдің патшасы да қаладан аттанып шығып, жаудың аттары мен күймелерін қиратып, арамалықтарды қатты қырғынға ұшыратты.
22
Бұдан кейін пайғамбар қайтадан Солтүстік Исраил патшасының қасына барып, былай деді: «Ал енді, бекінісіңізді нығайтып, тағы не істеу керектігін ойластырып көріңіз! Себебі келесі жылғы көктемде Арама патшасы қайтадан сізге қарсы шабуылға аттанып келеді».
23
Осы кезде Арама патшасының нөкерлері оған былай деп ақыл-кеңес берді: «Солардың тәңірлері — тау-төбенің тәңірлері. Сол себепті олар бізден күшті болды. Ал егер олармен жазық далада шайқассақ, біз міндетті түрде олардан басым боламыз.
24
Енді былай істеңіз: қол астыңыздағы патшаларды әскери шендерінен босатып, орындарына қолбасшыларды тағайындап қойыңыз.
25
Құрып кеткен әскеріңіз сияқты жаңа бір әскерді қайтадан түгендеп жинап алыңыз, оның салт аттылары мен соғыс күймелерінің саны да бұрынғысымен бірдей болсын. Содан кейін біз олармен жазық далада шайқасып, олардан міндетті түрде басым боламыз!» — Бен-Хадад патша нөкерлерінің айтқандарына құлақ асып, солай істеді де.
26
Келесі жылғы көктемде Бен-Хадад арамалықтардың жасақшыларын түгендеп жинап, Исраилмен соғыспаққа Әфек қаласына қарай өрлей аттанды.
27
Исраилдіктер де түгенделіп жиналып, жабдықталған соң, оларға қарсы аттанды. Исраилдіктердің тіккен қостары жайылып жүрген шағын екі отар ешкіге ұқсап тұрды, ал арамалықтардың қалың қолы жер бетін түгелдей жауып кетті.
28
Сонда Құдайдың бір пайғамбары Солтүстік Исраил патшасының қасына барып, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Арамалықтар «Жаратқан Ие — алқаптардың емес, тек тау-төбенің ғана тәңірі» деп айтқандықтан, Мен осы орасан зор әскерді түгелдей сенің қолыңа тапсырамын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар!»
29
Екі әскер осылай бір-біріне қарсы жеті күн бойы қос тігіп тұрды. Ал жетінші күні шайқас басталып, исраилдіктер бір күннің ішінде арамалықтардың жүз мың жаяу әскерін жойды.
30
Аман қалғандары Әфек қаласына қашып барды. Алайда қала қабырғасы олардың үстіне құлап, сол жерде тағы жиырма жеті мыңы қаза тапты. Бен-Хадад та қалаға бас сауғалап қашып барып, сол жердегі бір ішкі бөлмеге кіріп, тығылып қалды.
31
Ал нөкерлері оған: «Біздің естуімізше Исраил патшалары мейірімді екен. Біз азалы киім киіп, мойнымызға арқан салып алып, Исраил патшасының алдына барайық. Соған рұқсат берсеңіз екен. Мүмкін, ол жаныңызды сақтап қалар!» — деді.
32
Содан олар үстеріне азалы киім киіп, мойындарына арқан салып алып, Солтүстік Исраил патшасының алдына барып, былай деді:
— Сіздің құлыңыз Бен-Хадад: «Өтінемін, жанымды сақтап қалсаңыз екен» дейді. — Ахаб патша оларға:
— Ол әлі тірі ме еді? Өзі менің ағайыным ғой! — деп жауап берді.
33
Сонда бұл сөзді жақсылыққа жорыған олар онысына жармаса кетіп:
— Әрине, Бен-Хадад — сіздің ағайыныңыз, — деді. Патша оларға:
— Ендеше барып, оны осында алып келіңдер! — деп тапсырды. Бен-Хадад тығылған жерінен шығып келгенде, патша оны өз күймесіне отырғызып алды.
34
Сонда Бен-Хадад Ахабқа былай деп ұсынды:
— Әкем сіздің әкеңізден тартып алған қалаларды мен қайтарып беремін және әкемнің сіздің қалаңыз Самарияда базар ашқанындай, сіз де менің қалам Дамаскіде базар ашыңыз! — Ахаб оған:
— Мұндай келісіммен сізге бостандық беремін, — деді. Екеуі осылайша келісім жасасқаннан кейін, Ахаб Бен-Хададты еліне қайтарып жіберді.
Құдайдың пайғамбар арқылы Ахабты айыптауы
35
Сол кезде пайғамбарлар шәкірттерінің біреуі Жаратқан Иенің сөзі бойынша қасындағы серігіне: «Мені ұрып-соқ!» — деп бұйырды. Бірақ серігі ұрудан бас тартты.
36
Сонда әлгі пайғамбар: «Жаратқан Иенің айтқан сөзіне құлақ аспағаның үшін менен шыққанда саған арыстан бас салады», — деді. Оның серігі кетіп бара жатқанда-ақ бір арыстан оған тап беріп, өлтіріп тастады.
37
Пайғамбар басқа біреуді тауып алып, оған: «Мені ұрып-соқшы!» — деді. Сол адам оны ұрып-соғып, жарақаттады.
38
Мұнан кейін пайғамбар ешкім танымастай етіп көзін бір ораумен таңып алды да, жол бойына барып, Ахаб патшаны тосып тұрды.
39
Ақыры патша өтіп бара жатқанда, пайғамбар оған айқайлап, былай деді:
— Уа, тақсыр ие, алдыңыздағы құлыңыз шайқасқа қатысқан еді. Сонда бір адам маған қолға түскен жауды тапсырып: «Мынаны күзете тұр! Егер ол қашып кетсе, оның жаны үшін сенің жаның алынады немесе ат басындай күміс айып төлейсің!» деген болатын.
40
Сонда ананы-мынаны істеп жүріп, қолым босамай кеткенде, тұтқын жоқ болып кетті! — Патша оған:
— Үкімің сол болсын! Оны сен өз аузыңмен айттың, — деген тұжырымын айтты.
41
Ахаб патша осыны айтқанда, пайғамбар дереу көзіндегі орауын алып тастады. Сонда патша оның пайғамбарлардың біреуі екенін таныды.
42
Пайғамбар оған:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен міндетті түрде құртуға бұйырған адамды сен өз қолыңмен босатып жібергеніңе бола оның жаны үшін сенің жаның алынады, әрі оның халқы үшін сенің халқың қырылады! — деді.
43
Мұны естігенде Ахаб патша қапаланып, түнере ашуланған күйі Самариядағы сарайына қайтып кетті.