Патшалықтар 3-ж. 16
1
Сонда Жаратқан Ие Ханани ұлы Еху пайғамбарға сөзін арнап, оған Бағасаны айыптап былай дегізді:
2
«Мен сені шаң-тозаңнан көтеріп, өз халқым Исраилдің үстінен билеуші етіп тағайындадым. Бірақ сен Еробоғамның теріс жолымен жүріп халқым Исраилді күнә жасауға еліктіріп келесің. Сол күнәларымен олар Менің қаһарымды туғызуда.
3
Біліп қой, сол үшін Мен Набат ұлы Еробоғамның әулетін түгел құртқанымдай, енді Бағасаның өзін және оның әулетін де қырып-жоямын.
4
Бағасаның әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жейді, далада өлсе, әуедегі құстар шоқиды!»
5
Ал Бағасаның қалған іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
6
Бағаса көз жұмып, ата-бабаларының жанына жөнелгенде мәйіті Тирсадағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ила әкесінің орнын басып патша болды.
7
Жаратқан Ие Ханани ұлы Еху пайғамбар арқылы Бағасаның өзіне әрі оның әулетіне қарсы үкім шығарған еді. Бағаса Жаратқан Иенің көз алдында Еробоғамның әулеті іспетті зұлым істер істегені үшін, сондай-ақ, оның Еробоғамның әулетін құртқанына бола, оның өз ұрпақтары да Еробоғамның әулеті сияқты жойылатын болды. Себебі Бағаса өзінің іс-әрекеттерімен Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді.
Солтүстік Исраилдің патшасы Ила
8
Асаның Яһуда еліне патшалық құрған жиырма алтыншы жылы Бағаса ұлы Ила Солтүстік Исраилдің патшасы болып, елдің астанасы Тирсада екі жыл билік құрды.
9
Алайда патшаның соғыс күймелерінің жартысына басшылық ететін Зімри есімді қызметкері Илаға қарсы қастандық дайындады. Бір күні Ила патша Тирса қаласында сарай басқарушысы Арсаның үйінде көңіл көтеріп мас болып отырды.
10
Сонда Зімри үйге кіріп келіп, Иланы семсерімен шауып өлтіріп, орнына өзі патша болып алды. Бұл оқиға Асаның Яһуда еліне патшалық құрған жиырма жетінші жылы орын алды.
11
Таққа отыра салысымен Зімри Бағасаның әулетінің барлық мүшелерінің көзін құртты. Ол тіпті Бағасаның тума-туыстары мен дос-жарандарының арасынан да бірде-бір еркек кіндіктіні тірі қалдырмады.
12
Сонысымен Зімри Жаратқан Иенің Еху пайғамбар арқылы Бағасаға қарсы айтқан сөздеріне сай оның бүкіл әулетін қырып тастады.
13
Себебі Бағаса мен оның ұлы Ила жасаған барлық күнәларымен және өздерінің түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып, Исраил халқын да осы күнәға еліктіргендерімен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді.
14
Иланың қалған іс-әрекеттерінің барлығы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
Солтүстік Исраилдің патшасы Зімри
15
Яһудаға Аса патшалық құрған жиырма жетінші жылы Зімри жеті күн-ақ Тирса қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Сол кезде Солтүстік Исраилдің жасағы філістірлердің Гибетон қаласын қоршап алып, қостарын тігіп, сонда жатты.
16
Жасақшылар Зімридің патшаға қастандық жасап, оны өлтіргенін естігенде, олар өздерінің қолбасшысы Омриды сол күні-ақ әскер қосында Исраилдің патшасы етіп жариялады.
17
Омри және қасындағы жасақшылар Гибетоннан елдің астанасы Тирсаға аттанып, қаланы қоршауға алды.
18
Олардың қаланы қолға түсіргеніне көзі жеткенде, Зімри сарайдың ішкі қорғанына кіріп алып, ғимаратқа от қойып, өртеніп өлді.
19
Бұл оның жасаған күнәлары үшін осылай болды, себебі ол да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп Еробоғамның теріс жолымен жүріп, оның жасаған күнәларына Исраил халқын да еліктірген еді.
20
Зімридің қалған іс-әрекеттері, соның ішінде оның жасаған қастандығы жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
Солтүстік Исраилдің патшасы Омри
21
Бұдан кейін Солтүстік Исраилдің халқы екіге бөлінді: бір жартысы Ғинат ұлы Тамниды қолдаса, екінші жартысы Омриды жақтады.
22
Ал Омридың жақтастары Ғинат ұлы Тамнидың қолдаушыларынан үстем болып шықты. Тамни қаза тауып, Омри патша болды.
23
Сонымен Асаның Яһудаға патшалық құрған отыз бірінші жылы Омри Солтүстік Исраилдің патшасы болып, он екі жыл бойы билік құрды. Соның алты жылын ол Тирсада өткізді.
Солтүстік Исраилдің жаңа астанасы Самария
24
Кейін Омри Шемер деген біреуден Самариядағы қыратты екі ат басындай күміске сатып алды. Патша қыратты айналдыра қамал салып, ішіне жаңа қала тұрғызды. Ол қаланы қыраттың бұрынғы иесі Шемердің есімімен Шомрун яки Самария деп атады.
25
Алайда Омри Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өзінен бұрын болған барлық патшалардан бетер күнәға батты.
26
Омри Набат ұлы Еробоғамның теріс жолымен толығымен жүріп, Исраил халқын да түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып, күнә жасауға еліктірді. Осындай опасыздық жасауларымен халық Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
27
Омридың қалған іс-әрекеттері және көрсеткен қажыр-қайраты жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
28
Ақыры Омри көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самариядағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаб әкесінің орнын басып патша болды.
Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб
29
Асаның Яһудаға патшалық құрған отыз сегізінші жылы Омри ұлы Ахаб Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында жиырма екі жыл бойы билік құрды.
30
Ахаб патшаның Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істей беруі өзінен бұрын өткен патшалардың қай-қайсысынан да жаман болды.
Ахабтың сидондық Езабелге үйленіп, Бағалға табынып кетуі
31
Ахабтың Еробоғам патша сияқты күнәға батқаны былай тұрсын, ол Сидон патшасы Етбағалдың қызы Езабелге үйленіп, жалған тәңір Бағалға құлшылық етіп, оған бас ұра табынып кетті.
32
Ахаб Самарияда Бағалға бағыштап ғибадатхана салып, құрбандық ұсыну үстелін тұрғызды.
33
Бұған қоса Ахаб жалған тәңір Ашераға арнап ағаш бағаналар да жасатып, орнатты. Осылайша Ахаб өзінен бұрын Исраилдің патшасы болғандардың қай-қайсысынан бетер Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің ерен қаһарын туғызды.
34
Ахаб патшалық құрып тұрған кезде бетелдік Хиел Иерихон қаласын қайта салды. Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуа арқылы алдын ала айтқандай, Хиел Иерихонның негізін салғанда тұңғыш ұлы Абирамнан, қаланың қақпаларын тұрғызғанда кіші ұлы Сегубтен айырылды.