Патшалықтар 3-ж.  15
Яһуда елінің патшасы Абиях
1
Набат ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилге патшалық құрған он сегізінші жылы Абиях Яһуда елінің патшасы болды.
2
Ол Иерусалимде үш жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Абессаломның немере қызы Маха
а
еді.
3
Абиях өзінен бұрын патша болған әкесінің жолымен жүріп, оның жасаған күнәларының барлығын да жасай берді. Осылай Абияхтың жүрегі Құдай Иесіне түгелдей бағышталған арғы атасы Дәуіттің жүрегі сияқты болмады.
4
Алайда Құдай Ие Өзінің сенімді қызметшісі Дәуітке бола Дәуіттің әулетінің Иерусалимде патшалық құра беруіне мүмкіндік берді.
ә
Сол үшін Жаратқан Ие Абияхқа өзінен кейін патша болатын ұл сыйлап, Иерусалимді нығайтты.
5
Себебі Дәуіт, хеттік Ұрияның оқиғасын санамағанда, өмір бойы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, Оның бұйырғандарының ешқайсысынан бас тартқан жоқ.
6-7
Абияхтың көзі тірісінде Еробоғам екеуінің арасында ұдайы соғыс жүріп жатты. Абияхтың қалған іс-әрекеттері жайлы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
8
Абиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Абияхтың ұлы Аса оның орнын басып патша болды.
Яһуда елінің патшасы Аса
9
Сонымен Солтүстік Исраилге Еробоғам патшалық құрған жиырмасыншы жылы Аса Яһуда елінің патшасы болды.
10
Ол Иерусалимде қырық бір жыл билік жүргізді. Оның (әкесінің) шешесі Дәуіт ұлы Абессаломның немере қызы Маха болатын.
б
11
Арғы атасы Дәуіт істегендей, Аса да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
12
Ол жалған тәңірлердің табыну орындарында азғындықпен айналысқан барлық еркектерді
в
елден аластатып, өзінің аталары жасап қалдырған тәңір мүсіндерінің бәрін қиратып құртты.
г
13
Сондай-ақ, Аса патша тіпті өзінің әжесі Маханы «патшаның шешесі» деген құрметті атағынан айырды. Себебі Маха жалған тәңір Ашераға арналған ағаш бағананы жасатып, орнатқан еді. Патша сол жексұрын бағананы
ғ
шауып құлатып, Қидрон сайында өртеп жіберді.
14
Аса тек биіктеу жерлердегі табыну орындарын
д
ғана құртпады. Әйтсе де бүкіл өмір бойы Аса Жаратқан Иеге шын жүректен берілген адам болды.
15
Аса әкесінің және өзінің Құдайға бағыштаған заттарын: алтын-күміс пен басқа да құнды бұйымдарын Жаратқан Иенің киелі үйіне апарып қойды.
Асаның Солтүстік Исраилге қарсы Арамамен одақтасуы
16
Аса Яһудаға әрі Бағаса Солтүстік Исраилге патшалық құрған уақыттың бәрінде екі елдің арасында соғыс болып тұрды.
е
17
Бірде Бағаса Яһуда еліне қарсы аттанып, өрлеп барды. Бағаса Аса патшаның жеріне ешкім
ж
кіріп-шыға алмау үшін екі елдің шекарасындағы Рамақ
з
қаласын қамалмен бекітіп қойды.
18
Сонда Аса патша Жаратқан Иенің киелі үйінің және өз сарайының қазыналарында қалған барлық алтын-күмісті алды. Оларды қызметкерлерімен Арама елінің Дамаск қаласында тұратын патшасы Бен-Хададқа
и
жіберді. Ол Табримонның ұлы, Хезионның немересі болатын. Аса патша оған мынадай сәлемін де жолдады:
19
«Екеуіміздің әкелеріміздің арасында келісім болғанындай, енді біз де сондай келісім жасасайық! Міне, мен сізге күміс пен алтынды сыйға жіберіп отырмын. Өзіңіздің Солтүстік Исраилдің патшасы Бағасамен жасасқан келісіміңізден бас тарта көріңіз. Ол менің шекарамнан кері шегініп кетсін!»
20
Бен-Хадад Аса патшаның өтінішіне құлақ асып, өзінің қолбасшыларын Солтүстік Исраилдің қалаларына қарсы аттандырды. Олар Ион, Дан, Әбел-Бет-Маха қалаларын әрі бүкіл Кінерет
к
аймағын Нафталим руының күллі жерімен қоса басып алды.
21
Бағаса патша бұл туралы естігенде, Рамақ қаласын бекітуін тоқтатып, астанасы Тирсаға қайтып кетті.
22
Сонда Аса патша бүкіл Яһуда еліне жарлық шығарып, ер адамдарының бәріне біреуі де қалмай, Рамақ қаласына баруға әмір етті. Олар Бағаса салып жатқан қамалдың тастары мен бөренелерін тасып алып кетті. Аса патша солармен Бунямин жерінің шекарасындағы Геба және Миспа қалаларын
қ
бекітті.
23
Асаның қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты және бекітіп, нығайтқан қалалары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Қартайған шағында Аса аяғы ауырып азап шекті.
л
24
Аса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның мәйіті олардың жанына арғы атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Асаның ұлы Жосапат оның орнын басып патша болды.
Солтүстік Исраилдің патшасы Надаб
25
Асаның Яһудаға патшалық құрған екінші жылы Еробоғам ұлы Надаб Исраилдің патшасы болып, екі жыл патшалық құрды.
26
Бірақ ол Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Надаб әкесі Еробоғамның жолымен жүріп, ол сияқты Солтүстік Исраилді күнә жасауға еліктірді.
м
27
Кейін Исашар руынан шыққан Ахиях ұлы Бағаса патшаға қарсы қастандық жасады. Сол кезде патша Солтүстік Исраилдің бүкіл жасағымен бірге філістірлерге қарасты Гибетон қаласын қоршап алған еді. Бағаса Надаб патшаны Гибетонның түбінде семсерімен шауып
28
өлтірді. Содан кейін Бағаса Надабтың орнына Исраилдің патшасы болды. Бұл Асаның Яһудаға патшалық құрған үшінші жылы болды.
29
Бағаса таққа отырысымен Еробоғамның әулетін толығымен қырып-жойып, бірде-бір жанын тірі қалдырмады. Жаратқан Иенің Өзінің қызметшісі шилолық Ахиях пайғамбар арқылы айтқан сөзі
н
осылай жүзеге асты.
30
Себебі Еробоғам өзінің күнәға батып, Исраил халқын да күнә жасауға еліктіруімен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған болатын.
31
Надабтың қалған іс-әрекеттерінің барлығы жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
Солтүстік Исраилдің патшасы Бағаса
32-33
Яһудаға Аса патшалық құрған үшінші жылы Ахиях ұлы Бағаса бүкіл Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Тирса қаласында орналасып, елге жиырма төрт жыл патшалық құрды. Яһудаға Аса әрі Солтүстік Исраилге Бағаса патшалық құрған кезеңнің бәрінде екі елдің арасында ұдайы соғыс жүріп жатты.
о
34
Бағаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Ол Еробоғамның теріс жолымен жүріп, оған ұқсап күнәға батып, Исраил халқын да күнә жасауға еліктірді.



а  Маханың әкесі гибеялық Ұриел еді (Шеж2 13:2).

ә  Немесе: (өмір) шырағын берді (11:36).

б  15:2; Шеж2 11:20.

в  14:24.

г  Шеж2 14:3.

ғ  Заң 7:5; Шеж2 14:3; 15:13.

д  3:4; Пат1 9:12; 10:13; Шеж2 15:17.

е  15:32-33.

ж  Мысалы, Жаратқан Иеге ғибадат етпек болған Солтүстік Исраилдің адамдары (12:26-29; Бил 19:13,18) және саудагерлер керуендері (10:2,10; Жар 37:25).

з  Еш 18:25; Бил 19:13.

и  Бен-Хададтың есімі (жалған тәңір) Хададтың ұлы, яғни қызметшісі, дегенді білдіреді. Сол жалған тәңір Бағал және Риммон деп те аталатын (16:31-32; Пат4 5:18).

к  Яки: Ғалилея (Еш 11:2; 12:3; Пат4 15:29).

қ  Еш 18:24,26.

л  Шеж2 16:12-13.

м  12:28-33; 13:33-34; 14:16.

н  14:10,14.

о  15:16.