Патшалықтар 3-ж. 10
Сәба патшайымының қонаққа келуі
1
Сүлейменнің зор даңқы және оның Жаратқан Иенің құрметіне салған киелі үйі туралы Сәба елінің патшайымы да естіген еді. Содан ол қиын сауалдар қойып Сүлейменнің даналығын сынамақшы болды.
2
Патшайым көп нөкерін ертіп сапарға шығып, үлкен керуенмен Иерусалимге келді. Түйелеріне хош иісті заттар, мол алтын мен асыл тастар артылған болатын. Сүлеймен қонақты қарсы алып, сарайына кіргізді. Патшайым ойындағы бар мәселелер жайлы онымен сөйлесті.
3
Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмей, түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ.
4
Сәбаның патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған сарайын көріп, қайран қалды.
5
Ол патшаның дастарқанындағы тамақтарын, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген нөкерлері мен шарапшыларының келісті қызметтерін әрі Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп барып, құрбандықтар шалғызып өртеткенін де бақылады. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала алмай үнсіз қалды.
6
Содан ол патшаға тіл қатып былай деді: «Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігендерімнің бәрі де шындық екен.
7
Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін! Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз менің естігенімнен де зор болып шықты!
8
Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты!
9
Сізге риза болып, уәкілі ретінде Исраилдің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқан Ие Исраилді шексіз сүйеді. Сол себепті сізді қара қылды қақ жарып, әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды».
10
Сәба патшайымы осылай деп, Сүлеймен патшаға жүз жиырма ат басындай алтын, орасан зор мөлшерде хош иісті заттар мен асыл тастарды тарту етті. Осы Сәба патшайымының Сүлеймен патшаға сыйлағанындай мөлшердегі хош иісті заттар бұдан былай ешқашан елге әкелінген емес.
11
Сол сияқты, Хирамның Опыр жерінен алтын алып келген кемелері сол жерден өте көп мөлшерде қызыл сандал ағашының бөренелері мен қымбат бағалы тастарды да алып келетін.
12
Сүлеймен патша осы сандал ағашынан Жаратқан Иенің киелі үйі және өзінің патша сарайы үшін тіреулер және әнші-күйшілерге арнап жетіген мен шертер аспаптарын жасатты. Сол кезден бері сапасы осындай жоғары ағаштарды ешкім әкелген де жоқ, не ешкім көрген де емес.
13
Сүлеймен патша Сәба патшайымына өзінің зор жомарттығымен көп мөлшерде сый-тарту бергенінің үстіне оны сұрағандарының бәрімен де қанағаттандырды. Мұнан соң патшайым нөкерлерін ертіп өз еліне қайтып кетті.
Сүлейменнің зор дәулеті, салтанаты және күш-қуаты
14
Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды.
15
Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден, арабтардың барлық патшаларынан және елдің әкімдерінен де алтын түсіп жатты.
16
Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды.
17
Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды.
18
Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты;
19
оның алты баспалдағы болды, арқалығының жоғарғы жағы дөңгелек еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды.
20
Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді.
21
Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Ешбір ыдыс күмістен жасалмады, өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын.
22
Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның кемелерімен бірге әр үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегін, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін.
23
Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті.
24
Жердің барлық адамдары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды.
25
Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды.
26
Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды да жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және Иерусалимде өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады.
27
Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе, әрі шетелден әкелінетін самырсындарды өз еліндегі төменгі қыраттарда өсетін тұт ағаштарындай мол етті.
28
Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын.
29
Саудагерлер әрбір күймені алты жүз мысқал, әрбір жылқыны жүз елу мысқал күміске Мысырдан сатып алып келетін. Олар сол тауарлардың бірқатарын күллі хеттік және арамалық патшаларға да жеткізіп, сатып отырды.