Патшалықтар туралы үшінші жазба
Жазба туралы мәлімет
Осы жазбаның басында Дәуіт патшаның өмірінің соңғы жылдары және оның ұлы Сүлейменнің патшалыққа тағайындалғаны туралы баяндалған.
Жаратқан Ие Сүлейменге Исраил халқын басқару үшін ерекше даналық, сонымен қатар ғаламат байлық пен билік те сыйлады. Жас патшаның басты мақсаты Иерусалимде Исраил халқы мен басқа да ұлттар Жаратқан Иеге сиынып, ғибадат ете алатын ғибадатхана салу болды. Бірақ уақыт өте Сүлеймен сенімін Құдай Тағаланың бір Өзіне артудың орнына, шетелдік патшалармен одақтасып, олардың қыздарына үйлену арқылы өз билігін күшейтпек болды. Сүлеймен әйелдерінің ықпалымен солардың жалған тәңірлеріне табына бастап, Жаратқан Иенің Исраил халқымен жасаған Келісімін бұзып опасыздық жасады.
Құдай Тағала Сүлейменді ол дүние салғаннан кейін Исраилдің он руының өз алдарына бөлініп, жауларының солтүстіктегі патшалықты құртуларына жол беруі арқылы жазалады. Леуі руынан басқа тек Яһуда руы ғана Сүлейменнің ұлы Рохабоғамға және одан кейін Иерусалимде патшалық құрған Дәуіттің өзге ұрпақтарына адал болып қала берді.
Яһуда патшаларының көбі арғы аталары Дәуіттің үлгісімен жүріп, Жасаған Иеге мойынсұнды. Ал Солтүстік Исраилдің алғашқы патшасы Жеробоғам І-ден бастап одан кейінгі барлық билеушілері де қол астындағы халықты жалған тәңірлерге табынып, азғын өмір сүруге жетеледі. Жазбаның соңында Ахаб патша мен Езабел патшайымның зұлым істері баяндалады.
Осы ғасырлар бойы Жаратқан Ие екі патшалықтың халқына өз хабаршылары — пайғамбарларды жіберіп отырды. Олар Жаратқан Иемен ежелде жасаған Келісім туралы ескертіп, адамдарды Оның жолына қайта түсуге шақырып жүрді. Алайда халықтың көпшілігі Құдайға мойынсұнбай, опасыздық жасай берді.
Қармил тауындағы үлкен жиында Ілияс пайғамбар халықты екі ойлы болмай, не Жаратқан Иеге, не Бағалға толықтай мойынсұнуға шақырды. Жаратқан Иенің жасаған кереметінен халық Оның шынайы Құдай екеніне көз жеткізіп, Оған бет бұрды.