Жоханның 1-хаты 3
1
Қараңдар, Әкенің бізге деген сүйіспеншілігі қандай зор: Құдайдың рухани балалары деп аталамыз және нақ солаймыз да! Осы күнәлі дүние кім екенімізді білмейді, себебі ол Құдайды білген жоқ.
2
Сүйікті бауырларым, қазір Құдайдың рухани балаларымыз, ал келешекте кім болатынымыз әлі анық емес. Алайда Мәсіх қайтып келгенде Оған ұқсайтынымызды білеміз. Себебі сол кезде Оның шынымен қандай екенін көретін боламыз.
3
Оған осындай үміт артқан әркім Мәсіхтің кіршіксіз таза болғанындай, өзі де күнәдан арылып, тазарады.
4
Күнә жасаған әркімнің Құдайдың заңын бұзғаны, себебі күнә — Құдайдың заңын бұзғандық.
5
Ал Мәсіхтің күнәларымызды алып тастауға келгенін де, Оның ешқандай күнә жасамағанын да білесіңдер.
6
Сондықтан кім Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, сол күнә жасай бермейді. Күнә жасай беретін әркім Оны көрген де, таныған да емес.
7
Балаларым менің, сендерді ешкім де күнә жасауға азғырмасын! Әділдік істеуші адам Мәсіхтің Өзі сияқты әділ болады.
8
Ал кім күнә жасай берсе, сол — шайтанның баласы, себебі шайтан әлем жаратылғаннан бері күнә жасап келеді. Бірақ Құдайдың рухани Ұлы шайтанның ісін жою үшін бұ дүниеге келді.
9
Рухани мағынада Құдайдан туғандар күнә жасай бермейді, себебі олардың бойында Құдай сыйлаған жаңа өмір қала береді. Осылайша олар Құдайдан туғандықтан күнә жасауларын жалғастыра алмайды.
10
Құдайдың рухани балаларын шайтанның адамдарынан мынадан ажыратуға болады: әділ өмір сүрмейтін, әсіресе бауырласын сүймейтін, әркім Құдайдың рухани баласы емес.
Шынайы сүйіспеншілік пен нық сенім
11
Сендер бастапқыда естіген хабар мынау: бір-бірімізді сүюіміз керек!
12
Інісін ұрып өлтірген шайтанның адамы Қабылға ұқсамаңдар! Оны неліктен ұрып өлтірді? Өйткені өз іс-әрекеті әділетсіз, ал інісінікі әділетті болатын.
13
Сонымен осы күнәкар дүние сендерді жек көрсе, бұған таңғалмаңдар, бауырларым!
14
Өзіміздің рухани өлілерден тірілерге айналғанымызды білеміз, себебі бауырларымызды сүйеміз. Бауырын сүймейтін адам өлі болып қала береді.
15
Бауырын жек көретін әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ.
16
Иса Мәсіхтің өз өмірін біз үшін қиғандығы арқылы нағыз сүйіспеншіліктің не екеніне көзіміз жетті. Біз де бауырларымыз үшін жанымызды қиюға даяр болуымыз керек.
17
Ал егер осы дүниелік мал-мүлкі бар біреу басына қиыншылық түскен бауырына тасжүректік танытса, оның бойында Құдайдың сүйіспеншілігі бар ма?!
18
Балаларым менің, сөз жүзінде емес, іс жүзінде шынайы сүйіспеншілік білдірейік!
19
Сөйтіп өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады.
20
Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі.
21
Сүйікті бауырларым, жүрегіміз бізді айыптамағанда Құдай алдында нық сеніміміз болады және
22
Одан не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Құдайдың өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, соны істейміз.
23
Ал Құдайдың өсиеттері мынау: Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхке сеніп, бір-бірімізді сүюіміз керек.
24
Кім Оның өсиеттерін орындаса, ол Құдаймен және Құдай онымен тығыз байланыста тұрады. Құдайдың бізбен тығыз байланыста екенін Оның бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы білеміз.