Жоханның бірінші хаты
Жазба туралы мәлімет
Мәсіх Исаның шәкірті және елшісі Жохан бұл хатты б.з. 85-95 жылдары аралығында жазды. Сол кезде сенушілер қауымдарына «білімпаздық» (гностицизм) деп аталған қате ілім ене бастаған еді. Оны уағыздаушылар Мәсіх шынымен адам болып дүниеге келмеген және адамзат үшін өлмеген деген қате пікірлер ұстанды (4:2-3,9-10). Олар заттық нәрсе жаман, тек рух қана Құдайдікі, әрі адам өмірінің тәндік жағы емес, рухани жағы ғана маңызды деп ойлады. Мұндай ілімдердің көптеген жақтаушылары айрықша күнәлі өмір сүрсе, басқалары өз денелерін аса қатаң тәртіппен билейтін.
Сол қате ілімдердің зияндылығын қарт елші Жохан терең түсініп, бүгінгі Түркияда орналасқан Азия аймағындағы бірнеше қауымдарға осы сәлемхатын жолдады. Онда ол Иеміздің шынайы ілімі мен сол жалған ілімдердің арасындағы айырмашылықтарды көрсетті. Өзі де, басқа елшілер де Құтқарушы Иемізден өз көздерімен көріп, құлақтарымен естігендерін айтып берді. Олар солардың шындығына куә болып, соның жолында жандарын қиды. Сондықтан да олардың айтқандарына еш шүбәсіз сенуге болады.
Жохан сәлемхатын жолдап отырғандарды ерекше жылылықпен «балаларым» деп атады. Себебі олардың көпшілігі оның қызметінің арқасында рухани өмірге ие болған не рухани жетілуге көмек алған еді. Бүгінгі күні біздер де Құдайдың елшісі Жоханның үш хатынан айқын да толымды тәлім мен өте пайдалы нұсқауларды табамыз.