Қорынттықт. 1-хат  4
Еңбектерімізді бағалаушы — Мәсіхтің Өзі
1
Сондықтан бізге
а
Мәсіхтің нөкерлері ретінде, әрі Құдай Өзінің ашып білдірген құпия хабарын басқаруды сеніп тапсырғандары ретінде қарау керек.
2
Ал басқарушылардың әрқайсысынан сенімді болуы талап етіледі.
3
Менің сенімділігімді сендер тексеріп, бағалайсыңдар ма, әлде осы дүниелік басқа мекеме ме, оған қам жемеймін, өзіме-өзім де баға қоймаймын.
4
Өзімді айыптайтын ешқандай қылығым есімде жоқ, алайда бұл мінсіз екеніме жеткілікті дәлел бола алмайды. Себебі мені тексеріп, бағалайтын — Иеміздің Өзі.
5
Сондықтан уақыты келместен бұрын айыптауға асықпай, Иеміздің қайта оралуын күтіңдер! Ол әзірше қараңғыға жасырылғанды әшкерелеп, жүрегіміздің ой-ниеттерін ашып көрсетеді. Сол кезде Құдай әрқайсымызға лайықты мақтауын береді.
ә
6
Бауырластарым, бұған дейін мен Аполлос екеуіміз туралы осы нәрселерді сендерге мысал ретінде айттым. Сендердің бізден үлгі алып, «Киелі жазбаларда айтылғандардан артыққа бармау керек» деген қағиданың мәнін ұғынғандарың игі. Сонда сендер жетекшілердің біреуін екіншісінен жоғарылатып, мақтанбайсыңдар.
7
Әлдекім сендерді басқалардан ерекше етті ме? Құдайдан қабылдамаған нелерің бар? Бәрін қабылдаған соң, несіне өз жетістігіміз деп мақтанасыңдар?
«Күштілік» пен «әлсіздік»
8
Сендер тойынып, рухани байыпсыңдар, біздің қолдауымызсыз-ақ патшадай билік құра бастапсыңдар! Шынымен рухани билік құрғандарыңды сондай қалар едім. Егер солай болса, біз де сендермен бірге билік жүргізген болар едік қой!
9
Құдай біздерге, яғни елшілерге, өлімге кесілген тұтқындар іспетті «салтанатты жүрістің ең соңында» жүруді бұйырды деп ойлаймын.
б
Себебі біз бүкіл әлемге — періштелер мен адамдарға масқара көрініс болдық.
10
Мәсіхке қызмет еткеніміз үшін біздер «ақымақ», ал сендер «Мәсіхпен жүрген данышпан» екенсіңдер, біз «күшсіз», сендер «күшті», біз «қадірсіз», сендер «қадірлі» екенсіңдер!
11
Күні бүгінге дейін аштық көріп, шөлдеп келеміз, кигеніміз алба-жұлба, жегеніміз таяқ, үйсіз-күйсіз қаңғып,
12
қолмен ауыр жұмыс істеп өз күнімізді көрудеміз. Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз;
13
қаралағандарға жылы сөйлеп ескертеміз.
в
Бүгінге дейін дүниенің «қоқысы», адамзаттың «сыпырындысы» болып келдік.
г
14
Мұны ұялту үшін емес, сүйікті рухани балаларым ретінде ескертіп жазып отырмын.
15
Мәсіхпен жүрген тіпті он мың ұстаздарың болса да, «рухани әкелерің» көп емес. Себебі мен Ізгі хабарды уағыздап, сендерді Мәсіх Исаның жолына түсіріп, жаңа өмірге ие еттім.
16
Енді: «Менен үлгі алыңдар!» — деп өтінемін.
Пауыл мен Тімотенің сапар жоспарлары
17
Сол үшін Тімотені жіберіп отырмын, ол — Иемізге берілген сүйікті де қымбатты рухани ұлым.
ғ
Менің Мәсіх Исаның жолымен қалай жүріп жатқанымды Тімоте естеріңе түсіретін болады. Қай жердегі қай қауымда болмасын, дәл сол тәлімді беріп келемін.
18
Мені келмейді деп, кейбіреулеріңе көкірек бітіпті.
19
Бірақ Иеміз қаласа, сендерге жуырда барып қалармын. Сонда көкірек біткендердің сөздерін емес, құдіреттерін анықтаймын.
20
Себебі Құдайдың Патшалығы сөзбен ғана емес, Оның құдіретімен көрінеді.
21
Енді не қалайсыңдар? Сендерге таяқпен келейін бе, әлде сүйіспеншілік пен ілтипаттылық рухымен бе?

а  Яғни Пауыл, Аполлос және басқа елшілерге (3:5-6,22).

ә  3:8; Қор2 10:18.

б  Жеңімпаз қолбасшылар соғыстан Римге қайтып келгенде, салтанатты шерулерінің соңында өлімге кескен тұтқындарын ойын-сауық алаңына шығарып көрсететін (Қор2 2:14-16).

в  Немесе: қаралағандарды өкініп тәубеге келуге жігерлендіреміз.

г  Жоқт 3:45.

ғ  Тім1 1:2; Елш 16:1-3.