Қорынттықт. 1-хат 16
Мұқтаждықтағы қауымдарға жәрдем
1
Енді Құдайдың мұқтаждық көріп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар.
2
Жексенбі сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта оларды жинаудың қажеті болмайды.
3
Сол кезде өздерің сәлемдемелеріңді апару үшін таңдап алған адамдарыңа сенімхаттарымды беріп, оларды Иерусалимге шығарып саламын.
4
Егер өзімнің де баруым жөн болса, онда бірге барармыз.
Елшінің жоспарлары, соңғы өтініштері және сәлемі
5
Мен сендерге Македония арқылы сапар шегіп келмекпін. Себебі сол өлкемен өтетін ойым бар.
6
Ал сендерде біраз тоқтап, тіпті қыстап та қалуым мүмкін. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, мені жолға шығарып сала аласыңдар.
7
Себебі қазір жолай соққым келмейді; Иеміз қаласа, біраз уақыт өздеріңмен бірге болсам деп үміттенемін.
8
Алғашқы өнім мейрамына дейін Ефес қаласында болмақпын.
9
Өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес.
10
Тімоте сендерге келіп жатса, оның араларыңда алаңсыз жүруіне көңіл бөліңдер. Тімоте де мен сияқты Иеміздің ісімен айналысуда.
11
Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуіне жағдай жасасаңдар екен. Тімотенің өзге бауырластарымызбен бірге қайта оралуын күтудемін.
12
Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға ілессін деп әлденеше рет жігерлендірдім, бірақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәті түскенде барар.
13
Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек әрі күшті тұрыңдар!
14
Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер!
15
Степан мен оның үй ішін білесіңдер, олар Ахаядағы алғашқы сенушілер арасында болып, өздерін Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келеді. Бауырластар, сендерден өтінемін:
16
осындай адамдардың және олармен істес болып, қажырлы еңбек етіп жүргендердің жетегіне сендер де еріңдер.
17
Степан, Фортунат және Ахайықтың келгендеріне қатты қуанып қалдым. Олар сендердің жоқ екендіктеріңнің орнын толтырып,
18
мені де, өздеріңді де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадірленуге лайық.
19
Азия өлкесіндегі қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйінде жиналатын қауымнан Иемізбен жүрген сендерге дұғай сәлем.
20
Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер.
21
Енді мен, Пауыл, сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын.
22
Иемізді сүймейтін әркімді Құдайдың қарғысы атпақ. Иеміз, келе гөр!
23
Сендерге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін!
24
Менің сүйіспеншілігім Мәсіх Исамен байланысқан бәріңмен бірге. (Аумин.)