Қорынттықт. 1-хат  15
Мәсіхтің қайта тірілгендігінің куәгерлері
1
Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді.
2
Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің.
3
Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын құрбан етті.
4
Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді.
5
Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді.
а
6
Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды.
7
Содан кейін Мәсіх Жақыпқа,
ә
сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді.
8
Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған
б
мен де Мәсіхті өз көзіммен көрдім.
9
Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым.
10
Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді.
11
Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрібір, біз жариялаған, сендер сенген Ізгі хабар — осы.
Сенушілердің қайта тірілуі
12
Осылай Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша «өлгендердің қайта тірілуі жоқ» дей аласыңдар?
13
Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді.
14
Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны.
15
Бұған қоса біздер Құдай туралы «Ол Мәсіхті тірілтіп алды» деп жалған куәлік келтіргендер ретінде әшкереленген болар едік! Себебі өлгендер шынымен тірілмейтін болса, Құдайдың Мәсіхті де қайта тірілтпегені:
16
ешқандай қайта тірілу болмағанда Мәсіх те қайта тірілмес еді ғой.
17
Ал егер Мәсіх тірілмеген болса, сенімдеріңнен еш пайда болмай, күнәларың әлі де мойындарыңда қала берер еді.
18
Сондай-ақ, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандар тозаққа түсер еді.
в
19
Егер де Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік.
20
Алайда өлгендердің алғашқысы ретінде Мәсіх өлімнен біржола қайта тірілді!
г
21
Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі:
22
яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі.
23
Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі.
ғ
24
Мұнан соң бәрінің ақыры
д
болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады.
25
Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс.
е
26
Жойылатын соңғы жау — өлім.
27
Себебі Тәңір Иеміз «бәрін де Оған бағындырып берді».
ж
Ал осы «бәрі» дегеніміз Құдай Әкені қамтымайды, бұл анық. Бәрін Мәсіхке бағындырып берген Оның Өзі ғой.
28
Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады.
29
Әйтпесе, егер де өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек? Егер өлгендер мүлдем тірілмесе, кісілер неге орындарын басып сол рәсімнен өтеді?
з
30
Біз де неге сағат сайын басымызды қауіп-қатерге тігеміз?
31
Мен күн сайын өліммен бетпе-бет келемін. Бұл — нағыз шындық, бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірлеріңді мақтан тұтатын мен осыны айтамын.
32
Егер де Ефес қаласында жабайы аңдармен
и
тек пенделік ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер еді? Егер шынымен өлімнен қайта тірілу жоқ болса, онда «ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз».
к
33
Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! (Былай делінген ғой:)


«Араммен араласып жүрген жан
Айырылар адал салтынан».


34
Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын.
Қайта тірілген жаңа денеміз қандай болмақ?
35
Әлдебіреуің: «Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?» — дерсіңдер.
36
Не деген түйсіксіздік! Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады.
қ
37
Сенің еккенің — кейін өсіп шығатын тұтас өсімдік емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәні.
38
Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді.
39
Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше.
40
Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері
л
бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше.
41
Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік сұлулығы мен салтанаты бар, тіпті жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше.
42
Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады: топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді.
м
43
Жерленіп, дене қор болады, ал кейін салтанатпен тіріледі. Әлсіз тән жерленеді, күшті болып қайта тіріледі.
44
Жерленгені — табиғи, тәндік дене болса, тірілгені — табиғаттан тыс, «рухани» дене.
н
Тәндік дененің бар екендігі сияқты, «рухани» дене де болуға тиіс.
45
Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы адам — Адам ата «осылай тірі жан болып шыға келді»,
о
ал «Соңғы Адам» (Мәсіх) — мәңгілік өмір беретін Рух.
46
Алдымен рухани емес, тәндік дене болды, «рухани» дене кейінірек пайда болады.
47
Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екінші Адам» (Мәсіх) көктен келді.
48
Бұ дүниелік адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмір алғандар көктен келген Мәсіхке ұқсас.
49
Демек, қазір біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсіхтің кейпіне ие боламыз.
50
Менің айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндік дене Құдайдың мәңгілік Патшалығына кіре алмайды: шіріп кететін тәндеріміз мәңгі өмір сүре алмайды.
51
Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз.
52
Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта
ө
іске асады. Сонда кернейдің үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз.
53
Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс.
54
Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады.
п
55
Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің?
р
56
Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады.
с
57
Құдайға шүкірлік етейік! Ол бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайды.
58
Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар.
т

а  Бұлардың ішінде Матия да болды (Лұқ 24:33-36; Елш 1:21-26). Кефа (Шимон Петір): Жох 1:42.

ә  Осы Жақып Мәсіхтің туған інісі болды (Елш 1:14; 12:17; 15:16; Мат 13:55).

б  Немесе: Бәрінен кейін, тасталған түсік іспетті; яки: әдеттегіден тыс жолмен рухани туылған (Елш 9:1-8,11,17).

в  Демек, олар Құдайдың қасынан мәңгі аластатылар еді (Рим 1:32; 6:23).

г  15:23; Рим 8:11; Қол 1:18; Аян 1:5.

ғ  6:14; 15:20,52; Елш 26:23; Сал1 2:19; 4:16.

д  Яғни Мәсіхтің әлемді Құдай Әкеге қайтадан бағындырған ісінің ақыры.

е  (15:27; Жыр 109:1; Мат 22:44) Немесе: Мәсіх барлық жау атаулыны жеңіп, өз аяғына жыққанша, Патшалық құруға тиіс.

ж  (Жыр 8:7) Яки: «барлығын да Оған аяқасты қылып берді».

з  Немесе: Әйтпесе рухани өлілерге (сенбеушілерге) Ізгі хабарды жеткізу үшін жанын қиғандар не істемек? Өлгендер тірілмесе, неге басқалар үшін шәйіт болады? (Мар 10:38-39; Лұқ 12:50)

и  Немесе: жабайы аңдарға ұқсап кеткен адамдармен.

к  Ишая пайғамбар мұны жағымсыз мәтел ретінде келтірген (Иш 22:13).

қ  Жох 12:24.

л  Немесе: көктегілердің де денелері. (Аспан денелері: 15:41, әрі періштелердің және жұмаққа жеткен адамдардың денелері: Жыр 8:2,4; 19:2,5-7.)

м  15:43,50,53; Ғал 6:8; Рим 2:7; 8:21.

н  Яки: Киелі Рухтан пайда болған дене. (Ол қазіргі табиғат заңдарынан тәуелсіз болады.) (Лұқ 20:34-36)

о  Жар 2:7.

ө  Мат 24:31; Сал1 4:16; Аян 11:15.

п  Иш 25:8.

р  (Ош 13:14) Немесе: Өлім, қайда сенің піскегің? (Демек, өлім және күнә мүлдем аластатылатын болады: 15:26,56; Аян 20:14; 21:4.)

с  Яғни Таурат заңы Құдайға мойынсұнбағанымызды әшкерелеп, оның күнә екенін көрсетіп келді. Ол бұдан былай Мәсіхке сенушіге үкім шығармайтын болады (Рим 4:15; 5:20; 7:13).

т  3:8; Қор2 15:7; Ғал 6:9.