Қорынттықтарға арналған бірінші хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл б.з. 55 ж. шамасында осы көлемді сәлемхатын Грекияның Қорынт (яки Коринф) қаласындағы сенушілер қауымына жолдады. Пауыл, Сыйлас және Тімоте бұл қалада Құтқарушы Мәсіх туралы Ізгі хабарды уағыздаған болатын (Елш 18:4-11,18). Кейбір яһудилер және көптеген гректер мен басқа ұлт өкілдері Мәсіхке сеніп, Оның ақ жолына түсті. Олар жарты миллионнан астам халқы бар, кеме тоқтайтын, сауда-саттығы өркендеген қалада тұрды. Жалпы жұртшылық «даналық» пен шешендікке ерекше екпін берген дәстүрлі грек философиясын жоғары бағалайтын. Ал олардың көбі адамгершілік тұрғысынан таза жүрмеді; әйел тәңір Афродитаға құлшылық етуде жезөкшелікке дейін барды. Сондықтан да Құдайдың халқын азғындық атаулыдан аулақ, пәк таза өмір сүруге шақыру өте маңызды болды.
Пауыл осы хатты жазған кезде батыс Түркиядағы Ефес қаласында Ізгі хабарды уағыздап жүрген болатын. Ол Қорынттағы қауымның ынтымақ, адамгершілік және рухани дарындарды дұрыс пайдалану мәселелері бойынша үлкен қиындықтарға кездескені жайында хабар алған еді. Елші қорынттықтарға бұған дейін де жаман әдеттерден сақтану туралы хат жазған болатын (5:9-10), алайда оларға тағы да осы мәселеге байланысты Құдайдың еркін түсіндіріп осы хатты жолдаудың қажеттігі туды. Сонымен қатар Пауыл қорынттық қауымның қойған сауалдарына жауап беріп, өлгендердің қайта тірілуі туралы пайда болған қате пікірлерді де түзетті (15:1-57).
Хат соңында елші қауымның қуғынға ұшырап, дүние-мүлкінен ада болып кедейленген Иерусалимдегі сенушілерге қандай қайырымдылық көрсете алатыны жайлы кеңес берген.
Құдайдың ақ жолын қуушылардың көбі хаттың кейбір бөліктерін, мысалы, шынайы сүйіспеншілік туралы он үшінші тарауын жаттап алуды әдетке айналдырған. Біз, сондай-ақ, Иеміз Мәсіхтің өлімнен қайта тірілгені және біздің де қиямет күні қайта тірілетініміз жөнінде айтылғандардан да мол жұбаныш тауып, сеніміміз нығайып келеді.