Шежірелер 1-ж. 16
1
Осылай леуіліктер Құдайдың сандығы Иерусалимге әкелініп, Дәуіт сол үшін тігіп қойған шатырдың ішіне орналастырылды. Содан соң олар шалынып, түгелдей өртелетін және ризашылық құрбандықтарын шалып ұсынды.
2
Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Жаратқан Иенің атымен бата берді.
3
Патша жиналған Исраил халқының әрбір әйеліне де, еркегіне де бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді.
4
Патша леуіліктердің кейбіреулерін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында қызмет етуге тағайындады. Олар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге сиынып мінажат етуге және шүкірлік пен мақтау айтуға міндетті еді.
5
Бұлардың басшысы — Асаф, екіншісі — Зәкәрия, солардың қасында Еиел, Шемирамот, Ехиел, Мататия, Елияп, Бенаях, Ғабит-Едом, Еиел де болды. Олар шертер мен жетігенде, ал Асаф сылдырмақта ойнауға тағайындалды.
6
Бенаях пен Яхазиел есімді діни қызметкерлер белгіленген уақыттарда Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартуға тиісті еді.
Дәуіттің мадақтау жыры
7
Сол күні Дәуіт алғаш рет Асаф пен оның қызметтестеріне Жаратқан Иеге мына мадақтау жырын айтуды тапсырды:
8
Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,
Оның есімін атап сиыныңдар,
Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
9
Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар,
Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
10
Оның киелі атымен мақтаныңдар,
Оған сиынатын сендер, шаттаныңдар!
11
Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар,
Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар.
12
Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін,
Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
13
Уа, Оның құлы Исраилдің ұрпақтары,
Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
14
Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие,
Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
15
Мәңгі есте сақтаңдар Оның Келісімін,
Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
16
Ыбырайыммен жасаған Келісімін,
Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін.
17
Жақыпқа оны ереже қылып бекітті,
Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
18
«Мұралық үлесің етіп беремін саған
Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.
19
Сол кезде олар әлі де аз болатын,
Азғана кірме болып сонда тұратын.
20
Олар елден елге көшіп-қонатын,
Патшалықтарды аралап орнығатын.
21
Ал Құдай ешкімге оларды жәбірлетпеді,
Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
22
«Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер,
Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
23
Күллі әлем, Жаратқанға ән-жыр шырқаңдар,
Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар,
24
Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын,
Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін!
25
Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты,
Оны қастерлеу қажет, бар «тәңір, пірден» гөрі,
26
Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған,
Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан!
27
Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында,
Құдірет пен қуаныш киелі тұрағында.
28
Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын
Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың!
29
Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер,
Оның алдына сый-тарту алып келіңдер,
Қасиетті салтанатына бөленіңдер,
Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер!
30
Бүкіл жер, дәріптеп дірілде Оның алдында!
Әлем берік орнатылды, ол қозғалмайды да.
31
Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын,
Бөтен ұлттарға мынаны жарияласын:
«Жаратқан Ие құрады патшалығын!»
32
Теңіз бен ондағылар шуылдасын,
Дала мен ондағылар да шаттансын!
33
Орман ағаштары қуана ән салады,
Келе жатқан Иенің алдынан шығады,
Себебі Ол келіп, жерге сот құрады.
34
Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны,
Мәңгі ұласады берік рақымы!
35
Оған былай деп мінажат етіңдер:
«Құтқарушымыз Құдай, аман сақтай гөр,
Басқа ұлттардан бізді босатып жинай гөр!
Сонда дәріптейміз киелі атыңды
Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды».
36
Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын,
Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын!
Жиналып тұрған барша халық: «Аумин! Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп жауап берді.
Құдайды мадақтау тәртібі жайлы нұсқаулар
37
Дәуіт патша Асафты және оның ағайындарын Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында әр күннің қажетіне қарай ұдайы қызмет етуге бекітті.
38
Патша, сондай-ақ, Ғабит-Едом мен оның алпыс сегіз ағайынын да қызмет көрсетуге тағайындады. Едутун ұлы Ғабит-Едом және Хоса қақпа күзетшілері болатын.
39
Дәуіт діни қызметкер Садықты және оның қызметтес ағайындарын Жаратқан Иенің Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған киелі шатырындағы міндеттеріне бекітіп, сонда қалдырып кетті.
40
Бұлар Жаратқан Иенің Исраил халқына тапсырған Таурат заңында жазылған барлық ережелеріне сәйкес, әрдайым таңертең және кешке Жаратқан Иеге бағыштап шалынып, өртелетін құрбандықтарды арнайы құрбандық үстелінде ұсынуға тиісті болды.
41
Патша аттары аталып таңдалған Хеман, Едутун және басқалардың барлығын да солармен бірге болып, Жаратқан Иеге «Оның рақымы мәңгілік» деп мадақтау ән-жырларын айтуға тағайындады.
42
Хеман мен Едутун керней тартып, сылдырмақ соғып, тағы басқа аспаптарда ойнап Құдайға арналған ән-жырларды сүйемелдеуге бекітілді. Едутунның ұлдары қақпаның жанына күзетке қойылды.
43
Бұдан кейін бүкіл халық үйлеріне тарап кетті. Дәуіт те өз үй ішімен амандасуға сарайына қайтты.