Шежірелер 1-ж. 13
Келісім сандығын Кирият-Иғарымнан алып келу
1
Дәуіт өзінің барлық басшыларымен, мыңбасылары және жүзбасыларымен ақылдасып кеңесті.
2
Содан ол Исраилдің бүкіл қауымына былай деп жариялады:
— Егер бұл сендерге ұнамды және Құдайымыз Жаратқан Иенің еркіне сай болса, онда біз бүкіл Исраил елінің барлық жерлеріндегі өзге ағайындарымызға әрі қалалары мен елді мекендерінде тұрып жатқан діни қызметкерлер мен леуіліктерге хабар жіберейік. Олар да келіп, бізге қосылсын.
3
Құдайымыздың Келісім сандығын өзімізге қайтарып алып келейік! Себебі Саулдың заманында біз оған тиісті көңіл бөлген жоқпыз. —
4
Бүкіл жиылған жамағат:
— Солай болсын! — деп келісті. Өйткені халықтың бәрі мұны құп көрді.
5
Осылайша Дәуіт Мысырдағы Шихор өзенінен солтүстіктегі Лебо-Хаматқа дейін мекендеп жатқан бүкіл Исраил халқын Келісім сандығын Кирият-Иғарымнан алып келуге жинады.
6
Содан Дәуіт пен барлық исраилдіктер Бағалаға, яғни Яһуданың жеріндегі Кирият-Иғарымға, барды. Олар сол қаладан Құдай Иенің Келісім сандығын Иерусалимге алып келмек болды. Сандық Жаратқан Иеге бағышталған еді; Оның жер бетіндегі тағы (сандық қақпағындағы) екі керуб мүсінінің үстінде орналасқан.
7
Дәуіт пен оның адамдары Құдайдың сандығын жаңа арбаға қойып, Абинадаптың үйінен алып шықты. Ұза мен Ахио арбаға жегілген өгіздерді айдап жүрді.
8
Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы Құдайдың алдында жан сала би билеп, жетіген, шертер, даңғыра, дабыл және кернейлерде ойнап, қуана әндетіп келе жатты.
9
Салтанатты шеру Хидонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде өгіздер арбаны сілкіп қалып, сандықты қисайтып жіберді. Құлап қалмауы үшін Ұза қолын созып, Келісім сандығын ұстай қалды.
10
Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға қарсы лап етті. Еркінсіп сандыққа қолын тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда Құдайдың алдында жан тапсырды.
11
Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға «бұзып-жара» төгілгендіктен, Дәуіт қатты абыржып қайғырды. Сол себепті ол осы жерге Пәрес-Ұза («Ұзаны бұзып-жарған») деген ат қойды. Бұл жер қазірге дейін солай аталып келеді.
12
Дәуіт сол күні: «Құдайдың Келісім сандығын қасыма қалайша әкеле аламын?» деп уайымдап, Құдайдан қорықты.
13
Сондықтан ол Келісім сандығын өзінің шаһарына әкелмей, ғаттық Ғабит-Едомның үйіне апарып қойды.
14
Құдайдың Келісім сандығы үш ай бойы сол үйде қалды. Сонда Жаратқан Ие Ғабит-Едомның үй іші мен қолындағы дүние-мүлкінің бәрін жарылқады.