Шежірелер 1-ж. 12
Елсіз далада жүрген Дәуітке қосылған сарбаздар
1
Дәуіт (өзі патшалық құрмастан бұрын) Қиш ұлы Саулдан аулақ жүруге мәжбүр болды. Сол кезде мына адамдар Сикеләгке келіп, оған қосылды. Дәуітті шайқаста қолдаған осы мықты сарбаздар
2
оң қолмен де, сол қолмен де садақ тартып, сақпанмен тас та ата беретін. Бұлар буняминдік Саулдың рулас туысқандары еді.
3
Олардың басшысы гибеялық Шемағахтың ұлы Ахиезер болатын. Оның інісінің есімі — Жоғас. Өзге сарбаздар Азмауеттің ұлдары Езиел мен Пелет, сондай-ақ Бераха және анатоттық Еһу еді.
4
Отыз батырдың ішіндегі мықты жауынгер әрі олардың басшысы болған гибеондық Ишмаях, сондай-ақ Еремия, Яхазиел, Жоханан, гедерахтық Жозабад,
5
Елузай, Еримот, Бегалиях, Шемариях, харуфтық Шафатиях,
6
Қорахтың ұрпақтары Елқанах, Ишиях, Азарил, Жоезер, Яшобам
7
әрі гедорлық Ерохамның ұлдары Жоелах пен Забадиях.
8
Дәуіт өзінің елсіз даладағы бекінісінде болған кезінде, Ғад руының бірнеше адамы оның жағына өтті. Олар шайқасқа дайындалған, қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын мықты да батыл сарбаздар болатын. Олардың келбеттері арыстандай айбынды, өздері тау ешкісіндей жылдам еді.
9
Олардың басшысы Езер, одан кейінгі басшы Абадиях, үшіншісі Елияп,
10
төртіншісі Мишманах, бесіншісі Еремия,
11
алтыншысы Аттай, жетіншісі Елиел,
12
сегізіншісі Жоханан, тоғызыншысы Елзабад,
13
оныншысы Еремия және он біріншісі Махбанай еді.
14
Осы ғадтықтар жасақтағы басшылар болды. Олардың осал дегендері жүз, ал мықтылары мың адамға қарсы тұра алатын.
15
Көктемде Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқанда оны кесіп өтіп, батыс пен шығыстағы барлық аңғарлардың тұрғындарын бас сауғалап қашуға мәжбүр еткен осы ғадтық сарбаздар болатын.
16
Одан бұрын Бунямин мен Яһуда руларының кейбір адамдары да таудағы бекіністі паналаған Дәуітке келген болатын.
17
Сонда Дәуіт олардың алдарынан шығып, былай деді: «Егер мені қолдамақ болып ақ ниетпен келіп отырсаңдар, онда жанымыз да, жүрегіміз де бір боламыз. Ал егер ешкімге зорлық көрсетпеген маған сатқындық жасап жауларыма ұстап беруге келген болсаңдар, онда ата-бабаларымыз сиынған Құдай мұны көріп, үкімін Өзі шығарсын!»
18
Сонда олардың біреуі, кейін Отыз батырдың басшысы болған Амасай, Киелі Рухқа бөленіп, былай деді:
«Уа, Дәуіт, біз сендікпіз,
Уа, Есей ұлы, сенің жағыңдамыз,
Саған амандық пен тыныштық сыйласын,
Сені қолдағандарға да амандық болсын,
Себебі Құдай — сенің Қолдаушың!»
Сонда Дәуіт оларды қабылдап, өзінің шабуылшы топтарының басшылары етіп қойды.
19
Кейінірек Дәуіт філістірлермен бірге Саулға қарсы шайқасуға барған кезде Манаса руының кейбір адамдары Дәуіттің жағына өтті. Расында Дәуіт філістірлерді сол соғыста қолдаған емес, себебі філістір әміршілері өзара кеңесіп: «Дәуіт Саулдың жағына шығып кетіп, өздеріміз басымыздан айырылып жүрерміз», — деп, Дәуітті кері қайтарып жіберді.
20
Дәуіт Сикеләгке келгенде, Манаса руының оның жағына шығып кеткен адамдары мыналар болды: Аднах, Жозабад, Едияил, Михайл, Жозабад, Еліху, Силтай. Олар Манаса руының мыңбасылары еді.
21
Мықты да батыл сарбаздар болған олар Дәуіттің жасағының басшылары ретінде қызмет атқарып, оған қарақшылар топтарына қарсы күресуге көмектесті.
22
Күн өткен сайын Дәуіттің жасағына жаңа адамдар қосылып отырды, ақырында оның сарбаздарының тұрағы Құдайдың әскеріне ұқсаған қалың қолға айналды.
Хебронда Яһудаға патшалық құрған Дәуітке қосылғандар
23
Хеброн қаласында Дәуітке келіп қосылған, шайқасқа жарақталған адамдардың саны төмендегідей. Олар Жаратқан Иенің берген сөзіне сай патшалық биліктің Саулдан Дәуітке өтуіне атсалыспақ болды.
24
Қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын яһудилер: алты мың сегіз жүз қарулы адам;
25
Шимон руынан шайқасқа дайын батыл сарбаздар: жеті мың бір жүз адам;
26
Леуі руынан: төрт мың алты жүз адам;
27
(солардың арасында) Һаронның әулетінің басшысы Еходайға үш мың жеті жүз адам еріп жүрді,
28
әрі Садық есімді жас та ержүрек сарбаз бен оның әулетінен шыққан жиырма екі басшы да болды;
29
Саулдың руластары: Бунямин руының үш мың адамы. Буняминдіктердің басым көпшілігі сол кезге дейін Саулдың әулетінің мүдделерін қорғап келген болатын.
30
Ефрем руынан: жиырма мың сегіз жүз адам, олар өз әулеттерінде атағы жайылған ержүрек сарбаздар еді;
31
Манаса руының (Қанахандағы) жартысынан: он сегіз мың адам, олар Дәуітті патша етуге атсалысу үшін есімдері аталып тағайындалғандар болатын.
32
Исашар руынан: екі жүз басшы. Олар заманның ағымын және Исраилдің не істеуге тиіс екендігін түсінетін адамдар болатын. Барлық руластары олардың айтқандарын орындап жүрді.
33
Забулон руынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталып, шайқасқа сап түзеп шығатын елу мың адам. Олар Дәуітті шын жүректен қолдап жүрді.
34
Нафталим руынан: бір мың басшы әрі қалқанмен және сүңгімен қаруланған отыз жеті мың адам.
35
Дан руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын жиырма сегіз мың алты жүз адам.
36
Ашир руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын қырық мың жасақшы.
37
Иордан өзенінің шығысында қоныстанған Рубен, Ғад рулары және Манаса руының жартысынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталған жүз жиырма мың адам.
38
Осылардың бәрі сап түзеп шайқасқа шығуға дайын сарбаздар болатын. Олар шын жүректен Дәуітті бүкіл Исраил елінің патшасы етіп бекітуге бел байлап, Хебронға келді. Қалған исраилдіктер де Дәуітті патша етіп бекітуге бірауыздан келісті.
39
Хебронға келгендер сол жерде Дәуітпен бірге үш күн болып, ішіп-жеп тойлады. Яһуди ағайындары олар үшін тамақ дайындап қойған еді.
40
Сонымен қатар көршілес рулар, тіпті алыстағы Исашар, Забулон, Нафталим рулары да есек, түйе, қашар және өгіздерге тиеп азық-түлік алып келген болатын. Содан ұнның, кептірілген інжір жемістері мен мейіздің, шарап пен зәйтүн майының қорлары және ірілі-ұсақты малдар өте мол болды. Осылайша Исраил халқы қуаныш пен шаттыққа бөленді.