Шежірелер туралы бірінші жазба
Жазба туралы мәлімет
«Шежірелер туралы бірінші, екінші жазбалар» грекше «Септуагинта» аудармасында «Паралейпоменон», яғни бұған дейінгі жазбалардан «тыс қалған» мәліметтер, деп аталған. Себебі олардан «Патшалықтар туралы жазбаларға» кіргізілмеген маңызды мәліметтер мен түсіндірмелер табуға болады. «Шежірелер туралы жазбалар» Исраил халқының тарихын баяндап, соның ішіндегі Яһуда мен Леуі руларына баса назар аударады.
Б.з.д. 539 ж. Бабыл патшалығының әскері Яһуда елін басып алып, халқының көпшілігін Бабылға айдап әкетті. Кейін яһудилердің бірқатары отандарына қайтып келді. Оралмандар көштерінің біреуін Ұзайыр пайғамбар деп те аталған діни қызметкер Езра бастады (Езр 7:6-9).
Елге оралғандар: «Құдай әлі де қамымызды ойлай ма? Оның ежелде ата-бабамызбен жасаған Келісімдері және Дәуіт патшаға берген уәделері біз үшін мағынасын жойған жоқ па?» деп шүбәланатын.
Сол себептен осы екі жазбада Жаратқан Иенің таңдаулы халқына берген уәделерінің әлі де өз күшінде екендігіне айрықша мән берілген. Халық және оның патшалары Құдайдың Исраилмен жасаған Келісіміне көп рет опасыздық жасап отырған еді. Сондықтан Өзі алдын ала айтқандай, Алла Тағала оларға әділ жазаларын тартқызды. Алайда Оның рақымы шексіз зор. Егер халық теріс жолдарынан қайтып, Өзіне бет бұрса, Жаратқан Ие оларды қайтадан қабылдауға дайын болды.
«Шежірелер туралы жазбалардағы» бірнеше бөлімдер олардан бұрынырақ жазылған мәлімет көздерінен алынған. Мысалы, оларда Құдайдың бірнеше пайғамбарларының жазбаларына әрі Яһуда және Солтүстік Исраил патшалықтарының жылнамаларына сілтеме жасалған. Бұл шығармалардың кейбіреулері біздің заманымызға дейін жетпеген, ал басқалары (Таурат, Патшалықтар туралы жазбалар, Ишая пайғамбардың жазбасы және т.б.) Киелі кітаптың құрамына еніп сақталды.
«Шежірелер туралы бірінші жазба» Адам атадан басталған көне заманғы адамдардың ата-тегінің шежіресін қамтиды. Мұнда Таурат кітабынан жақсы таныс Нұх, Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және олардың үрім-бұтақтары туралы баяндалып, киелі үйде қызмет ететін леуіліктердің әулеттері де аталған.
Дәуіт патша Жаратқан Иенің Келісім сандығын Иерусалимге әкелді. Оны орнату үшін патша киелі үй салмақшы болды, бірақ Құдай соны салуға Дәуіттің ұлы Сүлейменді таңдаған еді. Дәуіт осы ғаламат құрылыс үшін көптеген дайындық жұмыстарын жүргізді. Ол шын жүректен Жаратқан Иеге мойынсұнып, адал қызмет ететін адамның үлгісі болды. Алла Тағала Дәуітті өмір бойы жауларын жеңуге қолдап жүрді. Ол Өзінің халқына Дәуіттің әулетінен шыққан біреу мәңгілікте билік жүргізетін болады деп уәде беріп, Дәуітпен сол туралы Келісім де жасады (17:11-14). Бұл он ғасырдан кейін дүниеге келген Дәуіттің Ұрпағы Мәсіх туралы да алдын ала білдіру болды.
Сонымен атамекеніне қайтып келген халық Жаратқан Ие Өзінің жер бетіндегі тұрағы болуға таңдап алған Иерусалим қаласында және киелі үйде Оған шын жүректен қызмет етіп, Оның рақымы мен қуанышына кенелуге шақырылды (23:25; 28:9; 29:9).