Сүлейменнің таңдаулы әні
Жазба туралы мәлімет
Осы жазбаның атын «Сүлейменнің әндерінің әні» деп те аударуға болады. Онда Жаратқан Иенің бізге табыстаған ғажайып сыйы — сүйіспеншілік асқан әсемдікпен бейнеленген. Жазба күйеу жігіт, қалыңдық және оның құрбыларының өлең түріндегі сөздерінен тұрады. Мүмкін, ол ежелде үйлену тойларында айтылған да шығар. Махаббат пен екеуара ғашықтықтың өсіп-дамуы көптеген бейнелі сөздердің көмегімен суреттелген. Екі рет қайталанған қайырмада қалыңдық өзінің құрбыларынан ғашықтық сезімді асықтырмай, екеуінің қатынастарының өздігінен дамып, шынайы махаббаттың пайда болуына жол берулерін өтінеді. Себебі нағыз махаббат таза әрі тек бір адамға ғана бағытталған: «Сүйіктім менікі, ал мен онікімін» (2:16). Жазбаның ең түйінді жері оның соңғы жағындағы жас келіннің сүйіспеншілікті бейнелеп, оның шексіз құнын білдірген керемет әсерлі сөздеріне саяды (8:6-7).
Ежелгі мәлімет бойынша осы көркем мәнердегі әндер жинағын Сүлеймен патша жазып қалдырған. Патша асқан бай болса да, шынайы махаббатты ақшаға сатып алуға болмайтынына, оның Құдайдың сыйы екеніне көзі жеткен.
Көптеген түсіндірмешілер «Таңдаулы ән» жазбасын Құдайдың әрі Мәсіхтің таңдаулы халқына деген сүйіспеншілігінің астарлап бейнеленуі деп те ұғындырады. Сүйіспеншілік дәл өлім сияқты құдіретті (8:6). Сондықтан Мәсіх өз өмірін құрбандыққа қиды. Сол арқылы Ол өз «қалыңдығы» — сенушілердің қауымын құнын төлеп күнәнің құлдығынан босатып алды (Иш 53:6,8,10; Еф 5:2,25).