Рут
Жазба туралы мәлімет
Мұнда Дәуіт пайғамбардың арғы ата-әжесінің өмірлерінде болған қызғылықты да тәлімді оқиғалар туралы баяндалған. Олар Жақыптың үрім-бұтағы уәделі елге орналасып, билер басшылық еткен заманда, шамамен б.з.д. 12-ғасырда орын алған.
Моаб ұлтынан шыққан Рут жастай жесір қалғанымен, исраилдік қайын енесі Нағимаға (ол да жесір әйел) адалдық танытады. Рут туған елін тастап, енесіне еріп, жалғыз Құдай — Жаратқан Иеге қызмет ету үшін Исраил халқына қосылуға бел байлайды.
Жаратқан Ие шетелдік батыл келіншекті жарылқап, оған Боғозды — осы екі жесірге қамқор бола алатын туыстарын кездестіреді. Қала жұртшылығы арасында абыройлы Боғоз Құдайдың бұйырған салт-дәстүрлеріне адал болып, бейшара жесірлерге жомарттық көрсетіп, соңында Рутқа үйленеді.
Бұл әңгіме Құдай Тағаланың зор сүйіспеншілігін айқын көрсетеді. Ол Исраил халқына өмір жолында басшылыққа алатын жақсы ережелер берді. Мысалы, егер біреу бақытсыздыққа ұшырап, мұралық жер үлесі мен мал-мүлкін, тіпті әйелі, балалары және өз басын құлдыққа сатуға мәжбүр болса, онда бір туысқаны сол бейшара отбасына қамқоршы болып, құнын төлеп олардың бас бостандығы мен меншігін қайтаруға міндетті еді. Осылай Құдай Өзіне сеніп, еркіне бағынғандарды жарылқады.
Ал Рут — Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның таңдап алған халқына қосылған басқа ұлт өкілінің жарқын үлгісі. Осында бір маңызды жайт көрсетіледі: Құдай Тағала адамдарды олардың ұлтына қарай емес, Өзіне деген сенімдеріне қарай қабылдайды. Рут бөтен ұлттан болса да, Құдайдың халқына қабылданып, Боғоз екеуінің немересі Есейден ұлы патша әрі пайғамбар Дәуіт туды (4:22). Бірнеше ғасырдан кейін осы әулеттен адамзаттың Құтқарушысы — Мәсіх дүниеге келді (Мат 1:5-6).