Римдіктерге арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл осы хатын Рим қаласындағы сенушілер қауымдарына арнады. Елші хатты Ізгі хабарды басқа елдерде таратуға шыққан үшінші сапары кезінде, шамамен б.з. 57 ж., Грекиядағы Қорынтта немесе оған көршілес кемежай қаласы Кеніхреяда жазған болса керек. Осы сапарының соңында елші Иерусалимге соғып, ондағы ашаршылыққа ұшыраған сенушілерге шетелдегі жаңа қауымдар бөлген көмекті апармақ болды (15:25-27).
Сол кезде Римдегі сенушілердің көбі басқа ұлттардан шыққан болатын, бірақ араларында яһудилер де бар еді. Бәрі ұлан-байтақ патшалықтың астанасы болған ірі қаланың түрлі аудандарында бас қосып, жиналатын.
Пауыл елші көптен бері Римдегі қауымдармен кездесіп, оларды жігерлендіруге ниеттеніп келген еді. Бұдан кейін Ізгі хабарды әрі қарай тарату үшін Испанияға да бармақшы болды (1:10-15; 15:22-29).
Осы хатында елші құтқарылуға адамның өз игі істері арқылы емес, Құдайдың рақымы арқылы ғана жетуіне болатынын егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ежелде Жаратқан Иеге деген сенімі арқылы күнәсінен ақталған Ыбырайым атаның тәжірибесін мысалға алып, елші Құдайдың құтқарылу жолының яһудилерге де, басқа ұлттарға да арналғанын көрсетеді. Сонымен осы екі топты бір-біріне сүйіспеншілікпен қарауға шақырады.
Хат соңында елші Жаратқан Ие алдында ақталған сенушілердің жаңартылған мінезін сипаттап, оларды Құдайдың Киелі Рухының жетелеуі мен күшіне сүйеніп өмір сүруге жігерлендіреді.