Аян
Жазба туралы мәлімет
«Аян» жазбасы Құдайдың осы дүниеге арнаған мәңгілік ниетін көрсетеді. Мұнда Иса Мәсіх адамзаттың ұлы Билеушісі әрі Соттаушысы ретінде аян береді. Ол жер бетіне қайта оралып, жексұрын күштерді біржола құртып, ешқандай күнә, қайғы және өлім болмайтын жаңа көк пен жаңа жерді жарататын болады. Әзірше әзәзіл шайтан осы күнәкар дүниеге билігін жүргізіп, сенушілерді қуғындап келеді. Бірақ олар Құтқарушы Мәсіхтің құрбандық өлімі мен қайта тірілуіне деген сенімдерін берік ұстанып, ашық мойындаулары арқылы әзәзілді жеңіп шығады. Сенушілерде рухани қатерден қорғайтын Мәсіхтің «таңбасы» бар. Мәсіх қайтып келгенде олар бәрінің алдында ақталып, Оның мәңгілік Патшалығының салтанаты мен бақытынан үлестерін алады.
«Аянды» жазып қалдырған — Құдайдың елшісі Жохан. Ол жасы ұлғайған шағында Ефес қауымының жетекшісі болған еді. Ақсақал, сондай-ақ, қазіргі Батыс Түркияда орналасқан Азия аймағындағы өзге де қауымдарда қызмет етіп жүрген болатын. Осы аймақтың халқы римдік патшаға (императорға) жағымпазданып, оған «Әлемнің құтқарушы иесі» деп құлдық ұрып келді. Сол кездегі Домициан патша (б.з. 81-96 ж.) барлық ұлттарды өзіне осылай табынуға күштеген қатаң заң шығарды. Құдай Тағалаға сенушілер мұндай талапқа, әрине, бағына алмады; себебі олар Мәсіх Исаны өздерінің бірден-бір Құтқарушы Иелері деп мойындады. Сондықтан олар жергілікті әкімдерден де, жұртшылықтан да қуғын-сүргін көрді. Қарт елші Жохан өз қауымынан аластатылып, қылмыскерлер қамалған шағын Патмос аралына жер аударылса, бауырластардың бірнешеуі сенімдері үшін шейіт болып жандарын қиды.
Алайда бірқатар қауым мүшелері өздерінің Мәсіхке деген сенімдерін ұстанумен қатар тәкаппар патшаның зұлым бұйрықтарына көнуді де жақтап, екіжүзділік таныта бастады. Осындай жағдайда Мәсіх Иса елшісі Жоханға аян беріп, Азия аймағындағы жеті қауымға (сондай-ақ жер жүзіндегі барлық басқа қауымдарға да) Рим патшасының Құдайды қорлайтын жарлықтарына бағынбау жөнінде нық ескертіп, хабар жіберді. Өзіне адал болып қалғандарға Иеміз қайта оралған кезде тамаша сыйларын беретін болады.
«Аянда» суреттемелер, астарлы және бейнелі сөздер мен сөз тіркестері көптеп қолданылған. Мысалы, жеті саны түгелдік пен тұтастықты бейнелейді: жеті қауым жер бетіндегі барлық қауымдарды білдіреді, ал әрқайсысы жеті ауыр азаптан тұратын үш кезең Құдайдың күнәдан бас тартпаған адамзатты үзілді-кесілді жазалайтынына меңзейді. Астарлы суреттемелердің түсініктемелері көбінесе жазбаның өзінде берілген. Бірақ кейбір ұғымдарды егжей-тегжейлі түсіну бізге мүмкін емес. Қауымдардың тарихында осы жазбадағы кейіпкерлер мен суреттемелерді өз замандарының ерекше жағдайлары бойынша түсіндіріп, қате қорытындыға келген адамдар да болды.
Ал ғасырлар бойы Жаратқан Иенің «Аяндағы» хабары Оның қастық пен қудалау көріп жүрген халқы үшін керемет жұбаныш пен күш-қуаттың көзі болып келеді. Хақ Тағала Мәсіхтің қайта келуі мен ақырғы жеңісін күткен бүгінгі сенушілерді де Ізгі хабардың батыл куәгері болуға жігерлендіреді.