Нақыл сөздер
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазба — Құдайға мойынсұнып адал өмір сүру және өзара шынайы қарым-қатынас жасауға байланысты айтылған тәлімдер мен нұсқаулардың жинағы.
Мұндағы басты ереже: даналықтың негізі — Тәңір Иені терең қастерлеп, Оның еркіне бағынып, жамандық атаулыдан аулақ жүру. Осыны өмірінің қағидасына айналдырған әркім ата-анасы мен басқа да адамдарды сыйлап, әр алуан жайт-жағдайларды дұрыстап ұғынады да, теріс жолға түсіп, адасудан сақталады. Адам бойындағы игі қасиеттер: әділдік, ұстамдылық, кішіпейілділік, қайрат-жігер, мұқтаждарға жомарттық және отбасы мен дос-жарандарына деген адалдық жоғары бағаланады.
Түпнұсқада мақал-мәтел, нақыл және қара сөз түрінде берілген бұл тәлімдер ежелгі заманда данышпандығы үшін аты кең жайылған Сүлеймен патша мен өзге де кемеңгер ұстаздардың Құдай сыйлаған даналықтарын паш етеді. Олар осы заманғы оқырмандарға да шынымен бақытты өмірге бастап апаратын жолды көрсетеді.
Осы нақыл сөздер жинағы — бізге көне заманнан жетіп, көптеген ұрпақтарға игілік сепкен даналықтың бай қайнар көзі. Ежелгі әдебиеттің інжу-маржаны — осы шығарманың басым бөлігін ұлы Сүлеймен патшаның қалдырғаны туралы мәтіннің өзінде айтылған. Сонымен қатар оның бірнеше шағын бөліктері көне заманда өмір сүрген басқа да данышпандардың нақыл сөздерін қамтиды.
Сүлеймен аса бай әрі қуатты патша болған. Оның аты даналық пен көрегендіктің ұстазы ретінде де көне заман әлеміне кең жайылған. Патшаның керуендері мен кемелері оны алыс елдермен де байланыстырған. Оңтүстік Арабиядағы Сәба елінің патшайымы сияқты атақты қонақтар Сүлеймен салдырған сәулетті ғимараттарды көріп, оның керемет даналығымен танысу үшін алыс елдерден сапарлап келетін.
Орталық Азияның халықтары күні бүгін де Сүлеймен патшаның есімін қатты құрметтейді. Адамдарға Құдай Тағаланың еркін білдірген айрықша дарыны үшін ол Сүлеймен пайғамбар деп те аталып кеткен. Оның патшалығы Ливан тауларынан Мысырдың шекарасына дейін, Ирак пен Сауд Арабиясының шекараларынан Жерорта теңізінің жағалауына дейін созылған ірі мемлекет болып, өзімен көршілес әрі алыстағы басқа патшалықтармен де қарым-қатынаста тұрды.
«Нақыл сөздер» атты осы аса құнды шығарма әлемге кеңінен жайылып, дүние жүзі әдебиетіне, соның ішінде халқымыздың ауыз әдебиетіне де зор әсерін тигізді. Бұған «Нақыл сөздер» мен қазақ мақал-мәтелдерін салыстыра отырып көз жеткізуге болады. Оның тәлімі терең оқып-үйренуге тұрарлық айрықша бағалы дүние. Бұл нақыл сөздер әрбір адамға да, тұтастай елге де парасатты өмір жолын көрсетеді.
Жастарды ата-аналары мен жасы үлкендерді құрметтеуге, барлық адамдарды адал да ұстамды, ынталы да еңбекқор болып, мұқтаждарға қайырымдылық көрсетіп, бейшаралардың мүддесін қорғауға шақырады. Шынайы даналық адамды күнделікті өмірінде таза жүріп, басқалармен тату қарым-қатынаста болуға және ең алдымен Жаратқан Иені қастерлеуге бағыттайды.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деп айтылғандай, өзін кішіпейіл ұстау шынайы ұлылыққа қажетті шарт. Ісі мен сөзінде өзін бақылай білу шынайы бақыт пен қанағаттың шарты. Мұндай мінез-құлық елдің мықты денсаулық пен аман-есендікке ие болып, өнеркәсіптің өркендеп, бейбітшілік сүйгіш қоғамның ілгері дамуы үшін тиімді жағдай.
Сондықтан да «Нақыл сөздер» жазбасын оқып-танысқан басшылар мен басқарушылардың, ақын-жазушылар мен шешендердің, сонымен қатар жас ұрпақ пен жалпы жұртшылықтың бұл жинақты ізгілікті ой-пікір мен даналықтың негізі ретінде бағалағаны жөн болмақ. Адамдардың оны жүректеріне қабылдап, отбасында, тұратын мекендерінде және жұмыс орындарында үлгі-өнеге қалыпқа айналдырғаны игі. Осылайша Құдайдың Киелі Рухының жетелеуімен ежелгі заманда құрастырылған осы шығарманың халқымыздың ынтымақпен өркендей дамуына өзіндік үлес қосары сөзсіз.