Філимонға арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Пауыл елші бұл қысқа хатты шамамен б.з. 60 жылдары Қолос қаласындағы қауымға арнаған сәлемхатымен тұстас уақытта жазып, мұны да сол хатты жіберген адамдары Онисым мен Түхік арқылы жолдаған болса керек.
Хат Қолостағы сенуші Філимонға жолданған. Пауыл осы ер адамды бұрын кездестіріп, оған Ізгі хабарды айтып берген болатын. Філимон Ізгі хабарға шын жүректен сеніп, Қолостағы сенушілер қауымына қосылған еді. Онисым атты басыбайлы қызметшісі оның меншікті дүниесінен ұрлап алып, Рим қаласына қашып кеткен болса керек. Мұндай қылмыс Рим империясының заңы бойынша өліммен жазаланатын. Сол аралықта Онисым Римде Пауылмен кездеседі. Елшінің ықпалымен ол Мәсіхке сеніп, Оның адал жолына түседі де, қожайынына қайтып барып, кінәсін мойындауға бел буады.
Енді Пауыл Філимоннан опасыз құлын кешіріп, оны тіпті сенімдегі бауырласы ретінде қабылдауын өтінеді. Осылайша елші өзінің Філимонды да, Онисымды да қадірлеп сыйлап, жақсы көретінін білдіре отырып, осы ілтипатты да жылы хатын жазады.
Құлдық Құдайдың адамзатқа деген игілікті еркіне сәйкес келмейді. Бірақ та елші осы жексұрын дәстүрді қара күш пен қантөгіс арқылы емес, шынайы сүйіспеншілікпен жасалған нақты іс-әрекет арқылы жеңіп шығу туралы кеңес береді.