Нехемия
Жазба туралы мәлімет
Осы жазбаны жазып қалдырған Нехемия Бабылға жер аударылған яһудилердің ұрпағынан еді. Ол парсы патшасы Артақсерікстің Парсы шығанағына екі жүз шақырым қашықтықта орналасқан Сузы қаласындағы қысқы сарайында оның уәзірі болып қызмет ететін. Б.з.д. 445 жылы Нехемия атамекендері Яһудаға қайта оралған елдестерінің ауыр халі жайлы хабар алды. Елдің бұрынғы астанасы Иерусалим қаласын қорғайтын қамал қабырғасын Бабыл әскері қиратып тастағандықтан, олар айналаларындағы дұшпандарынан қорғансыз қалған болатын. Нехемия бұған қатты қайғырып, Құдай Тағалаға сиынып мінажат етті. Сонда ол өз халқының өткен замандарда жасаған күнәларын Құдай алдында мойындап, Оның рақым етуін сұрады.
Құдай осы өтінішті мейіріммен қабылдап, патша Нехемияны Яһуда аймағының әкімі етіп тағайындады. Оған патшалық әкімшіліктің құрылыс заттарынан Иерусалимнің қабырғасын қайта тұрғызуға да тапсырма беріп, Яһудаға жіберді.
Нехемия Иерусалимге жетісімен-ақ көздеген ісін ұйымдастыруға кірісті. Дұшпандарының қарсы шығып, жамандауларына қарамастан, Құдайдың қолдауымен және елдестерінің белсенді атсалысуымен осы ауқымды жұмыс екі айдың ішінде аяқталды. Соңында исраилдіктер қала қабырғасының салынып біткенін шаттана тойлап, Жаратқан Иеге ризашылықтарын білдірді.
Нехемияның және Езра (Узайр) есімді діни қызметкердің басшылығымен халық күнәларын мойындап, Құдайдың ата-бабаларымен жасаған Келісімін қайтадан бекітті.
Кейін Нехемия Артақсерікс патшаға барған саяхатынан Иерусалимге қайтып келгенде, халықтың адасып, күнә жасауды әдетке айналдырғанына көзін жеткізді. Нехемия халықты Құдайдың ізгі жолына қайтып, күнәларынан бас тартуға шақырды. Оларды арамдығынан тазарып, Таурат заңын мұқият ұстануға, әрі Құдайдың киелі үйінде Оған адалдықпен ғибадат етуге жетеледі.