Леуіліктер
Жазба туралы мәлімет
«Леуіліктер» жазбасында Жаратқан Иенің Исраил халқына ереже-нұсқаулар беруін жалғастырғандығы туралы баяндалған. Жазбаның атауы Леуі руының есімінен туындаған. Құдай Тағала Исраилдің сол руын Өзіне киелі шатырда қызмет атқаруға таңдап алды. Леуілік Һаронның әулеті діни қызметкерлер болуға тағайындалды, ал рудың қалған ер адамдары олардың қызметіне көмектесіп, киелі шатырдағы жұмыстарды орындайтын болды. Олар халық үшін мінажат етіп, олардың құрбандықтары мен сый-тартуларын Жаратқан Иеге ұсынып, халыққа Оның заңдары мен өсиеттерін үйретумен айналысты.
Жаратқан Ие халықтың Өзімен тығыз байланыста болуын қалады. Бірақ адамдардың күнәлары олардың Құдаймен байланысын үзіп тастады. Себебі Құдай Тағала киелі, ешқандай күнә Оған жақындап келе алмайды. Күнәнің жазасы — өлім, яғни Құдайдан ажырау. Киелі Құдайдың алдына қайтадан келе алуы үшін адам жасаған күнәсінің құнын өтеуге тиіс. Жаратқан Ие сол үшін адамға өзінің орнына бір мал әкелуге рұқсат берді. Сондай мал құрбандыққа шалынып, күнәкардың орнына өлуге тиіс болды. Сонымен қатар халық ұсынған сый-тартулары арқылы Алла Тағалаға Оның көрсеткен рақымы мен жарылқауы үшін ризашылықтарын да білдіре алды.
Халықтың қамын ойлаған Жаратқан Ие тамақтың қай түрлерінің не қауіпсіз әрі таза, не арам екендігі туралы нұсқаулар берді. Тері ауруына ұшыраған адамды қалай тексеру керек, халықтың қалай өзара тату тұру керектігі туралы да ережелер берілді. Адам тәкаппар да жауыз болмай, керісінше, жарлыларға қамқор болып, жат жұрттықтардың құқықтарын құрметтеуі қажет болды. Хақ Тағала оларға өз балаларын жалған тәңірлерге құрбандыққа шалып, басқа да көптеген зұлым, зиянды істермен айналысып жүрген бөтен ұлттарға еліктемеуді де ескертті. Керісінше, исраилдіктер Оның жарылқауына кенелген халық болу үшін өздерін Мысырдағы құлдықтан құтқарған Жаратқан Иеге толықтай бағышталған қасиетті халқы ретінде таза өмір сүруге тиіс болды.