Яһуданың хаты
Жазба туралы мәлімет
Осы қысқа хатты жазған Яһуда өзін Жақыптың інісі деп атаған. Себебі туған ағасы Жақып Иерусалимдегі қауымның танымал жетекшісі болып, Інжіл шарифтегі хаттардың біреуін жазған еді. Бұлардың екеуі де Мәсіх Исаның туған інілері болатын (Мар 6:3; Жақ 1:1; Жақ туралы мәлімет).
Яһуданың хаты мен Петірдің екінші хатының бірқатар ұқсастықтары бар. Хат иелері бір-бірімен байланыста болып, Киелі Рухтың жетелеуімен біреуі екіншісінен кейбір үзінділерді алып, аздап өзгертіп қолданған.
Хат Құдай Әкеге және Құтқарушымыз Иса Мәсіхке сенушілерге жолданған. Яһуда онда құтқарылу туралы жазуға ниеттенген болатын, алайда Киелі Рух оны қауымдарға еніп алған алдамшы тәлім берушілердің қате ілімдері мен азғын өмір салттары туралы ескертіп жазуға жетеледі. Бұлар сенушілерге Құдайдың рақым етіп, күнәларын кешіруі туралы мүлдем қате пікірлер үйретуде еді. Сондықтан Яһуда сенушілерді оларға мықтап қарсы тұруға, әрі кіршіксіз таза өмір сүріп, шынайы Ізгі хабарды берік ұстануға жігерлендіреді.