Әйүп
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада адамның өмірде шегетін азабы және әділдік мәселелері қарастырылған. Құдай Тағаланың еркін шын жүректен орындауға тырысқан адамдардың өмірінде неліктен зор ауыртпалық көретін кездері де болады? Адамның азап шегуі міндетті түрде оның күнәсінің нәтижесі ме? Қиналудың жақсы жағы бар ма?
Осындай терең сұрақтарды Өлі теңіздің шығысындағы қыратты жерді мекендейтін ізгі де дәулетті кісі Әйүптің өзі мен оның көңілін сұрап, жұбатуға келген үш досы талқыласады. Себебі содан біраз бұрын Әйүп түрлі апаттардың кесірінен бала-шағасы мен бар мал-мүлкінен кенеттен ада қалып, оның денесін жаралы шиқандар қаптап кеткен еді. Бірақ осындай жағдайдың бәрінде Әйүп Құдайға деген сенімінен бас тартпады.
Әйүптің өзі және достары білмеген маңызды жайт мынау: әзәзіл шайтан Әйүпті пайдасы бар болғандықтан ғана әділ, таза өмір сүріп жүр деп Алла Тағаланың алдында айыптаған болатын. Жаратқан Ие шайтанның бұл жаласын жоққа шығармақ болды. Сондықтан Өзін Әйүптің шын жүректен қастерлейтінін дәлелдеу үшін Ол шайтанның осы ауыртпалықтарды Әйүпке жіберуіне жол берді. Жаратқан Ие Әйүптің азап шеккен кезінің бәрінде оның қасында болғанмен, өзі де, достары да соны білмеді.
Әйүптің үш досы адамдардың арасында кең таралған: «Жағдайың жақсы болып, дәулетіңнің асып-тасығаны — Құдайдың саған оң көзбен қарағанының белгісі. Ал ауру-сырқау мен пәлелер — адамның күнәлары үшін жіберген Құдайдың жазасы» деген көзқарасты ұстанатын. Әйүп мұндай көзқараспен жалпы келіссе де, өзінің шын жүректен Құдай жолымен жүріп келгенін баса айтумен болды. Содан ол өзін Жаратқан Ие ауыр азаптан аман сақтап қалмағанының себебін түсінбей, түңілді. Әйтсе де, ол өлгеннен кейін Оның алдында ақталамын деген үмітті де білдірді (19:25-27). Әйүп үш досының әрқайсысымен екі не үш рет айтысып, мәмілеге келмеген соң, Еліху есімді жас жігіт өзінің пікірін ұсынып, Әйүпті де, оның достарын да сынайды. Адамның шеккен азаптары оның ізгі қасиеттері тексеріліп, күшейтілуінің құралы да бола алатынын көрсетеді. Еліху өзінің айтқандарын Құдайдың табиғатқа деген қамқорлығына бағышталған мадақтау сөзімен аяқтайды. Соңында Әйүп өз өмірінде бір әділетсіздік болса, соны өзіне көрсетіп, жазалауға Құдайды шақырады.
Оқиғаның шарықтау шыңы — Жаратқан Иенің Әйүпке берген жауабы. Ол Әйүптің көрген азаптарының себебін ашық білдірмейді, қайта, Өзінің даналығы мен керемет істерінің адам баласының түсінігінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Содан Әйүп еркінсіп айтқандарына өкініп, Жаратқан Иенің еркіне мойынсұнады. Хақ Тағала Әйүптің достарына мейірімсіз сын сөздері үшін ескерту жасайды, ал Әйүптің олар үшін жасаған дұғасын қабыл алады. Кейін Ол Әйүпке зор шапағатпен қайтадан ұл-қыздар сыйлап, оны бұрынғыдан екі есе бай қылады.
Бірақ ең маңыздысы мынау: Әйүп қанша азап шегіп, онысына шағымданған болса да, Құдайға опасыздық жасамай, Онымен тығыз байланыста тұруды ұдайы аңсаған еді. Осылайша әзәзілдің айыптауын жоққа шығарған Әйүп пайғамбар Алла Тағаланың ризашылығына ие болды.