Билер
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Исраил халқы Ешуа пайғамбардың жетелеуімен уәделі елді иемденіп алғаннан кейінгі кезеңде болған жайттар баяндалған. Жаратқан Ие Өзінің Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың ұрпақтарына Қанахан елін табыстаймын деген уәдесін орындады. Өзі Патшасы ретінде халқының арасында тұрып, оларды жарылқап, жау қолындағы бекіністі қалаларды иемденіп алуға қуат беріп отырды.
Алайда көп ұзамай халық өздерін Мысырдан құтқарып, иен далада тамақпен, сумен қамтамасыз етіп, уәделі елді табыстаған Құдайдың кереметтерін ұмыта бастады. Олар елде қалып қойған байырғы ұлттардың азғын әдеттеріне еліктеп жалған тәңірлеріне табынып кетті. Осылай олар өздерімен қасиетті Келісім жасаған Жаратқан Иеге опасыздық жасады. Сондықтан Құдай халықты жау қолына тапсырып жазалады. Келісімнің өсиеттеріне мойынсұнбасақ, біз белгілі қарғыстарға ұшыраймыз деп өздері келіскен жазалардың бірі осы болатын (Леу 26:14-45; Заң 28:15-68).
Мұндай ауыр жайттарға тап болғанда исраилдіктер өз қателерін түсініп, Жаратқан Иеден көмек сұрап жалбарынды. Ол дұғаларына құлақ асып, халқын жаудан құтқарып, елге билік айтатын адамдарды тағайындап отырды. Құдай Рухының құдіретінің арқасында осы билер керемет істер істейтін. Халық билердің көзі тірісінде Жаратқан Иенің еркіне мойынсұнып жүрді. Бірақ би дүние салғаннан кейін, олар қайтадан басқа халықтардың күнәлі істерімен айналысып кететін.
Осы жайттарда Құдай Өзінің халықты соншама қатты сүйетінін, Синайда жасаған Келісімінде берген уәделерінен таймайтынын көрсетті. Ол халқының Құдайы және Патшасы, ал олар Оның ұлылығы мен рақымын бүкіл дүние жүзіне көрсетуге тиісті меншікті халқы еді.