Мысырдан көшіп шығу
Жазба туралы мәлімет
«Мысырдан көшіп шығу» жазбасы Жақыптың ұрпақтарының тарихындағы ерекше маңызды кезең туралы баяндайды. Мысырда өсіп-өніп, үлкен халыққа айналған оларды Жаратқан Ие сол елде көрген құлдық пен қанаудан құтқарды. Ол айдаладағы Синай тауында аян беріп, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетті. Жаратқан Ие оларды Өзіне бағышталған халқым деп қабылдап, олармен Келісімін жасады. Ол таңдап алған халқының Патшасы іспетті араларында бірге тұрып, оларды ата-бабаларына уәде еткен елге бастап апаруға сөз берді. Жаратқан Ие оларға Мұса пайғамбар арқылы адал мінез-құлық пен адамгершілік қарым-қатынастардың ережелері мен заңдарын тапсырды. Ол, сондай-ақ, оларға тек Оған ғана мойынсұнып, қалай құрмет көрсетіп ғибадат етудің жолдарын үйретті. Сол үшін халық Құдайдың бұйрығы бойынша құрбандық үстелін және киелі шатырды тұрғызды.
Бұл жазбада Құдай Тағаланың қасиеттері анық көрінеді. Ол киелі, шынайы, әділ, әрі Өзіне мойынсұнғандар үшін қайырымды да адал қамқоршы. Өзі Ыбырайым пайғамбарға алдын ала айтып кеткендей (Жар 12:3), енді Исраил халқы арқылы барлық басқа ұлттарды да жарылқауға ниеттенді.
Жазбада Мұса пайғамбардың ғажайып өмірбаянының бастапқы бөлігі де берілген. Жаратқан Ие оны жаңа туған кезінде өлімнен аман сақтап, халқының құтқарушысы әрі көсемі болуға белгіледі. Пайғамбар өз халқы мен Жаратқан Иенің арасында жүруші ретінде адал қызмет етті.
Археологтар мен тарихшылардың көбі Исраил халқының Мысырдан көшіп шығуы б.з.д. 15-ғасырда, яғни Тутмос ІІІ және оның ұлы Аменхотеп ІІ атты перғауындардың заманында, демек, Мысырдың 18-патша әулетінің билік құрған кезінде орын алған деп тұжырымдаған. Бұл «Патшалықтардың 3-жазбасында» берілген мәліметке сай келеді. Онда Сүлейменнің патшалық еткен төртінші жылы исраилдіктер Мысырдан көшіп шыққаннан кейін 480 жыл өткенде, яғни б.з.д. 1446 жылдың шамасында, болды деп баяндалған (Пат3 6:1).