Естер
Жазба туралы мәлімет
Яһуда халқынан шыққан Естер немере ағасы Мардохайдың қолында өскен жетім қыз болатын. Олар парсы патшаларының қысқы тұрағы Суза қаласын мекендеді. Бұл діни қызметкер Езра (яғни Узайр пайғамбар) Бабыл елінен Иерусалимге көшіп бармастан шамамен он бес жыл бұрынғы уақыт еді (Езр 4:6; 7:1,9).
Сол кездері парсы патшасы Ахасуер (яғни Ксеркс) әйелімен ажырасып, сұлу да әдепті Естерді жаңа патшайым етіп таңдап алады. Естер өзінің шығу тегін ешкімге айтпайды. Осы тұста Мардохай патшаға қарсы астыртын ұйымдастырылып жатқан қастандық әрекетті ашып, патшаның өмірін сақтап қалады.
Біраздан кейін Мардохай амалек патшаларының ұрпағы Хаман уәзірге иіліп тағзым етуден бас тартады. Ежелде амалек халқы Мысырдағы құлдықтан құтқарылып, көшіп келе жатқан исраилдіктерге арт жағынан шабуыл жасаған болатын. Осыдан кейін де амалектіктер Құдай халқының тарихында олардың қас жауы болып қала берді. Яһудилерді жек көретін осы Хаман оларды тіпті жаппай жойып жіберуге ұмтылады. Бұл туралы шыққан патша жарлығы исраилдіктерге зор қауіп төндіреді. Жарлық орындалса, тіпті Құдайдың бірнеше ғасырдан кейін Мәсіхті жіберіп, Ол арқылы бүкіл адамзатты жарылқауға деген жоспары да жүзеге аспай қалар еді. Сондықтан да Естердің өз басын тәуекелге байлап, халқын құтқарып қалғаны туралы осы жазба оқырманды ерекше еліктіріп әкетеді.
Кейін Мардохай мен Естер парсы патшалығындағы барлық яһудилерге хат жазып, өздерінің қауіптен құтқарылған күнін «Пурим» атты ұлттық мейрам етіп жариялайды.
Жазбада Құдай Тағаланың есімі аталмаса да, Өзінің халқын құтқару үшін Оның Естерді әдейі жоғарылатқаны анық көрінеді (2:8-9,15,17; 4:14). Тағы бірнеше маңызды жағдайдан да Алла Тағаланың көмегі айқын көрініп тұр (2:21-23; 6:1-5). Оның адамзатты құтқару үшін тарихқа қалай араласатынының мысалы да келтірілген: Жаратқан Ие Өзі құтқару жолын дайындап, ұсынады, ал соның жүзеге асуына Оның халқы да ат салысуға міндетті.