Даналықты уағыздаушы
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазба ойшылдардың «Шын мәнінде мағыналы өмірге және шынайы бақытқа адам баласы қалайша ие бола алады?» деген ұлы да терең сауалына назар аудартады.
Мәтіндегі мәлімет бойынша, осы тағылымды Дәуіт пайғамбардың бір ұлы немесе кейінгі ұрпақтарының біреуі жазып қалдырып кеткен (1:1). Бұл б.з.д. 992-930 жылдары өмір сүрген Сүлеймен патша болған шығар. Себебі Хақ Тағала Сүлейменге мол даналық пен білім, байлық пен құдірет сыйлады (Шеж2 1:12). Сол тақырыптар бұл шығармада жиі аталып өтеді.
Даналықты уағыздаушының өмірден көріп, ойына түйгендерін әрі жүрегін толғантқан сезімдерін білдіретін жырлары мен тәлімдік нақыл сөздері жазбаның тарауларында кезекпен берілген. Басында Құдайдың еркіне толығымен мойынсұнбаған адамның өмірлік тәжірибесі көрсетілген: ол өз ғұмырының басым бөлігі көңіл қалдырарлық та мәнсіз болды деп түйген (1:3; 6:12).
Даналықты уағыздаушы осы дүниедегі түрлі жайттарды тексеріп, олардың ешқайсысы жеке өздігінен өмірге мән бере алмайтынын түсінеді. Адам жан сала тырысып, түрлі нәрселерге қол жеткізіп, өз мақсаттарына жетуге тырмысқанымен, бұның бәрі «жел соңынан қуғандай бекершілік екен». Ізгі адам жақсы абырой-атаққа ие болуға ұмтылады, бірақ кейінгі ұрпақтар оны естерінде сақтамауы ықтимал. Жалпы, пенденің ғұмыры тым қысқа әрі азапқа толы. Оның өз күнәкарлығы және басқалардың зұлымдығы, өзі ұшыраған бақытсыздығы әрі өмірінің аяғындағы ажалы оған шек қояды. Сонымен қатар пенденің шектеулі ақыл-парасаты Құдайдың шексіз терең ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін пайымдап ұғынуға қауқарсыз (3:11; 8:17).
Алайда бұл жазба өмірге тұрақты үміт беріп, ізгі бағытты да сілтейді. Алла Тағала барлығын Өзінің ізгі мақсатына сай жоспарлаған. Оның еркіне мойынсұнып, өсиеттерін орындаған, әрі билік иелерінің алдында парасатпен жүрген жан өмірдің сүйсінерлік жақтарының, мысалы: еңбек, достық, махаббат, отбасылық өмір, дәмді тамақ, қызық іс-әрекеттердің бар екенін түсінеді. Ал ең бастысы — Құдайды терең қастерлеп, Онымен тығыз қарым-қатынаста тұру. Ақыр соңында Хақ Тағала істеген істеріміздің бәрін тексеріп, соларға сай үкімін шығаратын болады.