Амос пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Амос Яһуда еліндегі Текоя қаласының маңында мал бағып, тұт ағаштарын баптап-күтумен айналысатын. Сол жерде Құдай Тағала Амосты шамамен б.з.д. 760 ж. Өзінің пайғамбары болуға тағайындап, Солтүстік Исраилге жіберді. Пайғамбардың басты міндеті сол елге Құдайдың оны жуырда жазалайтыны туралы ескерту болды. Себебі олар Жаратқан Иенің өздерінің ата-бабаларымен мейірімділікпен жасаған Келісіміне опасыздық істеп келді. Халық Тәңір Иені қастерлеген жоқ, тіпті мінажат еткен кезде де мұнысын шын жүректен емес, әншейін рәсім ретінде орындайтын. Билік иелері Құдай Тағаланың өсиеттеріне бағынбай, алдап-арбаумен, кедейлерді қанаумен байып алды. Олар Жаратқан Ие өз халқы болуға бізді таңдап алды дегенді мақтан тұтып, Оның «ұлы соты күні» келгенде Ол өзге халықтарды қара түнекпен жазалайды, ал біз нұрда боламыз деп сенді (5:18-20; 6:1).
Алайда Жаратқан Ие — барлық халықтардың үстінен қарайтын «Ұлы Патша». Ол соларды да өз ой-мақсатын жүзеге асыру үшін қолданады. Бұдан былай Құдай Солтүстік Исраилдің қасарысқан халқына аяушылық танытпай, оларды «Дамаскінің арғы жағына», яғни Ассур еліне, жер аудармақшы. Бұл б.з.д. 722-721 жж. жүзеге асты.
Дегенмен халықтың болашағы үшін әлі де үміт болды: Жаратқан Ие Өзіне шынымен бет бұрған исраилдіктердің аман қалғандарына рақым көрсетіп, оларды кейін өз елдеріне қайтарып әкелмек. Сонда Ол өз халқына қайтадан Дәуіттің бір ұрпағына патшалық құрғызбақ, әрі халық ежелдегідей бейбіт өмір сүріп, елдің жемістерінің рақатын көрмек. Хақ Тағала уәдесіне берік, Ол нені уәде етсе, сонысын шүбәсіз жүзеге асырады.