Елшілердің істері
Жазба туралы мәлімет
«Елшілердің істері» — «Лұқа жазған Ізгі хабардың» жалғасы.
Мәсіх көкке қайтар алдында елшілеріне Иерусалимнен бастап жер жүзінің түкпір-түкпіріндегі бүкіл адамзатқа Ізгі хабарды жеткізу жайындағы Ұлы аманатын тапсырды. Бұл істе қабілет беру үшін Құдай оларға Өзінің Киелі Рухын қондырды. Соның елшілер және өзге сенушілер арқылы әрекет еткені — осы жазбаның басты тақырыбы.
Мәсіх Иса туралы Ізгі хабар тез арада жайылып, көптеген жерлерде сенушілер қауымдары пайда болды. Құдай қауымдарға яһудилерден басқа ұлт адамдарын да қабылдатып, содан туындаған мәселелердің шешімін көрсетті.
Сол кездері бірқатар яһуди дінбасылары сенушілерді қатты қудалап жүрді. Солардың ең белсендісі — Саул (яки Пауыл) бірде Исаның аянын көріп, өзінің жасағандарына өкініп, Құтқарушымыздың адал жолына түсті. Пауыл кейін серіктерімен бірге бірнеше елдерге сапарға шығып, адамдарға Құдайдың Ізгі хабарын табыстады. Елшілер әр түрлі қиыншылықтарға, қуғын-сүргінге душар болса да, Құдайдың сүйіспеншілігі мен құдіретіне кенеліп, Оның тапсырмаларын орындады.
Осылайша «Елшілердің істері» жаңа сенушілер қауымдарының алғашқы отыз жылғы тарихын баяндайды. Олар мәдениеті мен діні әр түрлі халықтарға Хақ Тағала тапсырған Ізгі хабарды жеткізіп, оны кең-байтақ Рим патшалығының астанасына дейін де жариялады. Сенушілердің барған көптеген жерлерінде жаңа қауымдар пайда болды.
Тәптіштеп баяндалған жазбадан бұл қозғалыстың тек адам баласының ісі емес, Алла Тағаланың жасаған кереметі екендігі айқын көрініп тұр. Құдайдың осы игілікті іс-әрекеті бүгінгі күні де жалғасып, Мәсіх Исаның жер бетіне қайтып келуімен аяқталмақ.