Патшалықтар туралы төртінші жазба
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Солтүстік Исраил және Яһуда патшалықтарының тарихы Ілияс пайғамбардың қызметінің соңғы кезеңінен бастап олардың халықтарының жер аударылған кездеріне дейін баяндалған. Ілияс көкке көтеріліп кеткенде, Еліше оның ізбасары ретінде Алла Тағаланың пайғамбары болуға тағайындалды. Ол Аляса деген атпен де белгілі. Еліше Солтүстік Исраилдің халқына Жаратқан Иенің құдіретімен Оның шынайы Құдай екенін дәлелдейтін кереметтер жасады. Алайда Исраилдің патшалары мен халқы жалған тәңірлерге табынуларын жалғастыра берді.
Ақырында Жаратқан Ие Өзі алдын ала ескерткеніндей оларға жазасын жіберді. Б.з.д. 722 жылы Ассур әскері Солтүстік Исраил патшалығын жаулап алды. Елдің астанасы Самария жермен-жексен етіліп, халқы қазіргі Ирак еліндегі Ассурға және Каспий теңізінің оңтүстік-батысындағы Мидияға жер аударылып әкетілді. Олардың орнына Солтүстік Исраилге Ассурдың түрлі ұлттары әкелініп қоныстандырылды. Олар жаңа елде Жаратқан Иеге сиына бастағанмен, өз тәңірсымақтарына да табынумен болды.
Оңтүстіктегі Яһуда патшалығында Езекия мен Жосия сияқты ізгі патшалар шын жүректен Жаратқан Иеге бет бұрып, халықты Оған қызмет етуге шақырды. Жаратқан Ие Езекияның жалбарынып еткен мінажатына құлақ салып, астанасы Иерусалимді ғаламат зор Ассур әскерінің қоршауынан құтқарып алды. Алайда Езекияның ұлы Манаса және одан кейінгі бірқатар патшалар халықты қайтадан теріс жолға адастырды.
Ақырында Жаратқан Ие Яһуданы да жау қолына тапсырды. Иерусалим қиратылып, патшасы мен халқы Бабыл еліне жер аударылды. Сүлеймен патша салдырған киелі үй тоналып, үйіндіге айналды. Осының барлығы халықтың Жаратқан Иеге опасыз болып жалған тәңірлерге табынып, көптеген басқа да ауыр күнәлар жасағандығынан болды.
Әйтсе де Жаратқан Ие Өзінің таңдаған халқынан түгелдей бас тартқан жоқ. Яһуданың бұрынғы патшасы Ехонияхқа Бабылда рақым көрсетілгендей, Алла Тағала халықтың аман қалғандарына да болашақта рақым көрсетпекші болды.