Қорынттықтарға арналған екінші хат
Жазба туралы мәлімет
Иеміз Мәсіхтің елшісі Пауыл бұл сәлемхатын өзінің қорынттық сенушілер қауымына арнаған бірінші хатынан жарты жылдан кейін, шамамен б.з. 55 жылының күзінде, Македония аймағынан жазып, жолдаған.
Алғашқы хатын қауымға апарып қайтқан Тімотеден естіген хабары елшіні қатты күйзелткен еді (2:13; 7:5; 9:2; Қор1 16:5,10-11). Себебі яһуди дінінің ескі салттарын ұстанушылар қауымға еніп алып, басшылықты өз қолдарына алуға ұмтылуда еді. Олар Пауылға қарсы шығып, оны шынайы елші емес, ынжық, тіпті шебер сөйлей алмайды деп айыптады. Басқа қауымдардан әкелген кепілдеме хаттарына мақтанған бұлар, Пауылды ешқандай кепілдемесі жоқ деп сынады. Сонымен қатар олар тәлім бергендері үшін ақы алатын. Ал Пауыл елші өз күнін өзі көріп, қажырлы еңбек етудің және қандай жағдайда да адалдықты сақтаудың үлгісі болды. Сол жалған тәлім берушілер яһуди дінінің ескі әдет-ғұрыптарын жоғары бағалады. Олар Киелі Рухтың Мәсіхке сенушілерді кенелтіп, оларды өз еріктерімен толықтай Құдайға мойынсұндыратынын ұғынбады.
Осы жағдайлар Пауылды Қорынтқа шұғыл сапарға аттануға мәжбүр етті. Бұл кездесу ауыр болған тәрізді (2:1). Сол діндарлар оған ымырасыз қарсы шыққан болса керек. Елші қайтарында қауымға жуық арада тағы да соғатын ниетін білдірді. Алайда кейінірек оларға тағы да барғаннан гөрі хат жазып, сонда айтқандарын тыңдар-тыңдамасын бақылауды дұрыс деп шешті (2:1-4). Елші сол хатын Титтен беріп жіберді. Бұл хат бізге жетпегенмен, оның болғандығын қолымыздағы осы хаттың ішіндегі мәліметтерден біле аламыз. Құдайдың рақымымен қорынттықтардың басым көпшілігі хаттың әрі Титтің уағыздарының әсерінен Мәсіхтің шынайы жолына қайта оралып, Пауылды Құдайдың елшісі деп қайтадан мойындады (7:6-7). Бұл оны қатты жігерлендірді.
Алайда әлгі жалған тәлім берушілер әлі де қауымда жүріп, сенушілерге ықпал етумен болды. Сондықтан Пауыл тағы бір хатты (кейін «Қорынттықтарға арналған екінші хат» деп аталған осы жазбаны) жолдады. Сонда ол қарсыластарының өзіне таққан айыптарына жауап беріп, Құдайдың шынайы елшілерінің қандай болатынын түсіндіреді (1:12-7:16). Сондай-ақ, оларды қолдарында бар қаржыларын Иерусалимдегі жоқшылық көріп жүрген сенушілермен бөлісуге шақырады (8:1-9:15).
Пауыл осы сәлемхатын жазған тұста Қорынттан тағы бір жайсыз хабар алған сияқты. Қалай болған күнде де елші Киелі Рухтың жетелеуімен хатқа жалған тәлім берушілерге қарсы жазылған қатаң бөлімді қосты. Онда ол сенушілерге солардан бас тартып, Мәсіхтің шынайы ілімінен таймауларын ескертіп, өзінің елшілік беделін қайтадан қорғайды (10:1-13:10).
Бұл хаты басқаларына қарағанда Пауылдың өзі туралы, яғни шеккен азаптары және Исаның жолымен жүргендерге қамқор болуға деген терең толғаныстары жайлы, көбірек мәлімет береді.
Сонымен елші өмірінде қандай жағдайларға ұшыраса да, Алла Тағалаға қызмет ете беретін сенушінің керемет үлгісі болып келеді. Пауылдың бірден-бір мақсаты өзін маңызды ету емес, Иемізді қастерлеп, Оның қауымдарына көмектесу еді.